25 Қараша, 2017

СӨЗ ӨНЕРІ

...Мадиярдың Алатау баурайындағы ақшаңқан шаһарға алғаш аяқ басқан кезі – өткен ғасырдың 90-жылдарының басы еді. Ол сол жолы оқуға түсе алмады да, амал жоқ, сырттай бөлімнің «сырттандарына» – бізге кеп қосылды. Сосын, ақыры ауылда «келе ғой, айналайын» деп асыға күтіп отырған жұмыс жоқ, сұрастырып жүріп, «қаладан екі қолға бір күрек» тауып алды. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетін тәуір оқығанының пайдасы тиіп, балалар журналына корректор болып орналасты. Алғашқы жалақысы қолына тие сала басшысынан үш күнге сұранып, ауылға кетті де, лезде әкесін және онжылдықты өзімен бірге бітірген қарындасын ертіп, Алматыға оралды.

Қарындасы Шолпан – Мадиярдан бір жарым жас қана кіші. Алайда, ата-анасы оны мектепке тым ерте – бес жарым жасында-ақ беріпті. Сөйтіп, бармақтай қыз біресе жылап, біресе күліп, біресе ойнап, біресе оқып, білім ұясының босағасын жеті жасқа толып аттаған ағасымен бір сыныпта дәріс алыпты. Обалы қане, кейін сабақты жақсы оқып кетіп, кей пәндерден, әсіресе математика, физика, химия секілді сабақтардан біздің Мадияр досымызға көмектесетін жағдайға жетіпті...

Өзі оқуға түсе алмаса да, қарындасының жолы болғанына Мадияр қатты қуанды. Алайда, екеуіне ортақ зор уайым бар еді. Ол – баспана мәселесі-тін. Шолпанның түскені – мемлекеттік емес, сол уақытта ептеп көбейе бастаған жекеменшік оқу орны болған соң, жатақханамен қамтамасыз етілуі қиын еді. Ал Мадияр осында жұмыс істеген отыз күнде он жерге түнеп шықты. Пәтер жалдауға мардымсыз жалақысы жетпейді, сосын талапкер кезінде жақын танысып қалған жігіттердің әрқайсысының жанына кезек-кезек жатып жүрді. Қала сыртынан қатынап істейтін менімен бірге әпкемнің үйіне де еріп барып, бірнеше күн қонып кеткен. Ұлының басына түскен мұндай аянышты ахуалға көп ұзамай қызы да тап бола ма деп уайымдаған әкесі Дүйсенбай ақыры Алматыға аттанған.

Қыркүйектің басында ауылдан келген үшеу, Мадиярдың айтуынша, Дүйсекеңнің жалғыз қарындасы Рабиғаның қызы – пәлен жылдан бері Алматыда тұратын Ләззаттың шаңырағына түсіпті. Обалы не керек, көптен көрмеген нағашысын жиен қыз күйеу бала екеуі жадырай қарсы алып, жақсылап күткенге ұқсайды. Ертеңіне Мадиярдың әкесі ертелі-кеш ұл-қызына баспана іздеумен жүрген. Кеңес ақшасының сабанға айналып, түкке жарамай қалған кезі, пәтер жалдау құны бұлардың тақыл-тұқыл қалтасына тым ауыр тиетін болды. Жатақханаға жайғастыру да оңай болмай шықты. Ақыры әкесі Мадияр жұмыс істейтін журналдың бас редакторына кіріп, өтініш айтқан. Бүкіл елге есімі мәшһүр ол кісі, обалы қане, бұған қолма-қол арыз жазғызып, осы қаладағы Энерготехникумның директорына жөнелткен. Сыйлы кісінің қолқасына сырғытпа жауап беруге ұялса керек, директор қолдан келер бар көмегі – қарамағындағы жатақханалардың бір бөлмесіне орналастыру екенін, бірақ оның босауын бірер ай күтуге тура келетінін ұқтырған.

Амал жоқ, Дүйсенбай қария ұлы мен қызын Ләззаттың үйіне қалдыра тұруды ұйғарады. «Айналайын, қарақтарым, көсегелерің көгерсін! Кешелі-бері мені жақсылап күтіп жатырсыңдар, Алла разы болсын! Мына екеуінің баспана жағдайын шешіп кетем бе деп едім, оның да бір-екі айсыз бітпейтін түрі бар. Жатақханаға қолдары жеткенше, кімді жағалайды, одан да осы үйде жүре тұрсын. Мұнда сендерден басқа танитын, арқа сүйейтін ешкімі де жоқ. Бөтен емессіңдер, Ләззатжан, шырағым, Рабиғаның қызы болсаң, менің де қызымсың ғой. Мадияр мен Шолпанды өз бауырларыңдай көріңдер» деген болар немесе басқаша бастаған шығар, әйтеуір Дүйсекеңнің осыған ұқсас әңгіме айтқаны анық. Қысқасы, бұлар жатақханаға орналасқанша осы үйде жүре тұратын боп келісіліп, ақсақал ауылға қайтады.

Әрі қарайғы әңгімені Мадияр достың өз аузынан естиік.

– Мен аса қауырт жұмыс болмаса да, өзім бұрыннан қызығып оқитын балалар журналының редакциясына күнде барам. Маған сол жерде отырудың, журналист аға-әпкелердің әңгімесін тыңдаудың өзі қызық. Арасында өзім де бірдемелер шимайлап, жазып қоямын. Шолпан таңертең оқуға кетеді де, үйге түс ауа оралады. Қаршадайынан ауылда тірлік істеп өскен пысық қарындасым мұнда да қарап отырмайды: сабағын орындап болған соң, үй жинайды, жиһаздардың шаңын сүртеді, балаларды ойнатады, ыдыс-аяқ жуады, қожайындар келгенше тамақ жасап та қояды.

Ләззат әпкем сол маңайдағы дөй дүкендердің бірінде білдей меңгеруші боп істейді екен. Күйеуі сол дүкенге тауар таситын жүк көлігін жүргізеді. Екеуі үнемі жұмыстан кешке бірге қайтады. Қуаныш жездеміздің дәу дорбасы күнде анау-мынауға толып келеді. Яғни, күнкөріс жағы бұларға уайым емес сияқты. Үй ішінен де баршылықтың лебі сезіледі. Теледидары бар кең залда қарындасым екеуміз жатамыз. Балалар бөлмесі мен жатын бөлмеге тіпті бас сұғып көрген емеспін, ал әпкемнің балалары біздің көзіміз ұйқыға кеткенше теледидар қарап, қасымызда отырып алады.

Ата-анасының өзгелерден ауқаттырақ екенін балалар да байқай ма екен, әйтеуір бастауыш сыныпта оқитын Айбек те, балабақшаға баратын Айдос та – тым ерке, шолжаң. Бізге менсінбей, мұрнын шүйіріп қарайды. Тіпті үлкені «Сендер біздің үйден қашан кетесіңдер? Папам мен мамам «уақытша тұрады, жақында кетеді» деп еді ғой! Үйлерің жоқ па, немене?» деп күнде сұрап, миымызды ашытады. Кішісі де бұзық, кітап оқып отырсам, мойныма мініп алады, олай өтіп бір нұқып кетеді, былай өтіп бір теуіп кетеді. Әке-шешесі үшін бұл қалыпты жағдай сияқты, «әй, қойыңдар!» деу ойларында да жоқ. Амалсыздан ашуымды басып, ішімнен тынып отыра беремін. Бір күні үйге әкеліп, қатесін тексеріп отырған журнал беттерін Айдос әптер-тәптерін шығарып, ал кеп шашсын! «Қой!» десем, қоймайды, тіпті өршелене түседі. Шыдай алмай кетіп, «неге тиісесің, ішіңнің құрты бар ма тесіп бара жатқан?» деп итеріп жібердім. Шалқасынан түскен бала баж ете қалды. Зәрем ұшты. Сол-ақ екен, бағанадан бері бәрін көріп отырса да, үндемеген әпкем жетіп келіп:

Титтей балада нең бар сенің, а?! Неге жылаттың?! – деп ұрса жөнелді.

– Өзі ғой... қағаздарымды құртқан...

– Бұл не қағаздар?

– Журналымның дайын болған беттері...

– Бұл үй саған журнал шығаратын жер ме?! Жұмыс орныңда істесең болмай ма?! Біреудің үйінде тұрып жатқан соң, адам деген өз орнын білмей ме екен?!

– Мен ешкімге зиянымды тигізіп жатқан жоқпын ғой...

– Бұдан артық не зиян қылайын деп едің тағы? Қаршадай баланы ұрғаның аз ба? Еще бұларға жақсылық жасап жүрміз! Үйде тегін тұрғызып... Мұндай оңбаған екеніңді білгенде, әкеңмен әу баста келіспес те едім!

Әпкем бұрқылдап-бұрқылдап әрең басылды.Таяқ жегеннен бетер ызаланып, төсегімді салып, ерте жатып қалдым. Әңгіменің ұзын-ырғасын түнде сыбырлап қарындасым айтып берді. Сөйтсем, мен байғұс сыртта жүріп ештеңе байқай бермейді екенмін, әпке-жездеміздің бізге деген мейірімі әкем бейшараның қос қарын талдырып, көтеріп әкелген сөмке толы ет пен майы таусылғанша ғана жетіпті. Екі апта өтпей-ақ қожайындардың мінезі өзгере бастаған. Қыз бала, қанша дегенмен, сезімтал ғой, бәрін байқап жүріпті. «Жатақханаларың не болып жатыр? Тездетпейсіңдер ме?» деп Шолпанға күнде айтады екен. Мені қамшыласын дегендері шығар. Қамшыламақ түгілі, сабаса да менің қолымда тұрған не бар, жатақхана комендантының «ай соңында хабарлас» деген жауабын қанағат тұтып жүргенмін.

Масқара болғанда, қарындасым күтпеген жерден қожайындардың мынадай әңгімесін естіп қалыпты: «Мына қайыршылардан қашан құтыламыз? Қыз ғой әйтеуір күнде бір бөлке нан әкеледі, ал анау маубастың басында қағаздан басқа түк те жоқ. Как будто әке-шешесі өзін біз үшін туғандай мойнымызға масыл болумен жүр» депті әпкеміз. «Әу баста сау басыңа сақина тілеп алған өзің. Оны-мұны сылтауратып, бұларды мүлде жолатпау керек еді» депті жездеміз.

Құдай, сақтай гөр! Мен жолым мен түскі асыма жететінін ғана өзіме алып, титімдей жалақымның (істегеніме бір-ақ болды ғой!) қалғанын Шолпанға беріп қойған едім. Ол арасында нан-сүт, қант-шай секілді бірдемелер алып жүретін. Қарғадай қыздың сол ниетін де бағаламағандары ма сонда?! Өзі бұларға не жетпейді? Саңғыраған үш бөлмелі үйі бар, жұмыстары бар, ұялғанынан көздері жаутаңдап, уақытша ғана жүрген, мектепті кеше ғана бітірген, қайда барарын білмейтін бізден не дәметеді? Біз осылардың бүкіл ырысын опырып жеп, тауысқалы жүрміз бе? «Мына түрлерімен Айбек пен Айдосты бізге қарсы айдап салып жүрген де өздері болып шықпаса неғылсын» деп, өз ойымнан өзім шошыдым.

Мұның бәрін естіген соң, жігіт емеспін бе, намыстанып, ертесіне үйге келмедім. Күндізгі бөлімде оқитын бір жолдасымның жатақханасына барып қондым. Жағдайымды түсінген ол вахтер кемпірлермен өзі сөйлесетінін айтып, жиналмалы кереуетін беріп, тұрақты түнеп жүруіме келісті. Бір күннен соң, кешке әпкемнің үйіне соғып, заттарымды алып кеттім. Шығып бара жатып:

– Бір досымның жанында бос орын бар екен, жұмысыма да сәл жақындау, – деп өтірік айттым. – Шолпан әзірге осында бола тұрар, жатақхана алған соң, көшіріп әкетермін.

Бәрі ас үйде кешкі тамақты ішіп отырған. Қыбыр еткен жан, сыбыр еткен үн болмады.

Үш-төрт күннен кейін жұмыс телефоныма қарындасым қоңырау соқты. Жылап тұр.

– Мен де кетемін!

– Қайда?

– Қайда болса, сонда! Мұнда қалмаймын!

– Не болды?

Сөйтсем, бұрынғы бұрынғы ма, мен кеткеннен кейін ахуал тіпті нашарлапты. Онсыз да сол үйдің бүкіл ұсақ-түйек тірлігін атқарып, тыным таппайтын қарындасымның құлағынан тыныштық кетіпті. «Неге мына жер шаң? Кастрюльдің түбін неге дұрыстап қырмағансың? Ваннаның суын неге көп ағызасың? Мына бір дүңкиген шабаданың-ақ жердің бәрін алып, онсыз да тар үйдің тынысын ауырлатып бітті!» деп күнде күңкілдей берген соң, ең көнбіс деген Шолпанның да төзімі таусылыпты.

Қарындасым уақытша бір курстасының жанына жайғасты. Аз уақыт ішінде бір-біріне бауыр басып үлгерген төрт қыз бірге тұрады екен, бұл бесінші боп кірді. Шолпанның майда-шүйде заттарын жиыстырып, әкетіп бара жатып, әпкеме:

– Қысқы киімдері, тағы оны-мұны салынған мына дәу шабаданы әзірге қала тұрсын, сосын... – дей беріп ем, ол:

– Жоқ! – деді жұлып алғандай. – Алып кет!

– Бөлмелері тарлау екен, оның үстіне, төрт қыздың заттары сіресіп әрең сыйып тұр. Көп орын алмайды ғой, залдағы ұзын төсектің астында тұра тұрсын уақытша, кейін...

– Ол жер уже бос емес! Үйімнің қай жеріне не қоятынымды мен өзім білемін! Алып кет!

Амал жоқ, зілдей шабаданды да сүйрей кетуге тура келді.

Бас редакторым уәде еткен жатақханаға мен қазан айы бітіп, қараша басталғанда ғана әрең қол жеткіздім. Дереу қарындасымды да жаныма алып, екеуміз бірге тұра бастадық. Шолпан сабақта, мен жұмыста, жүріп жаттық. Қайтып әпке-жездеміздің үйіне соққан жоқпыз...

...Содан бері де 17 жыл өтіпті. Қазір Мадияр – белгілі баспагер, журналист. Балалы-шағалы. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша төрт бөлмелі үйге қолы жеткен. Ағайын-туыстарының ұл-қыздары Алматыға оқуға немесе жұмыс істеуге келсе, олардан бұрын өзі хабарласып, «әбден орнығып, арнайы жай тауып, жайғасқанша, біздің үйде жүре тұрыңдар» деп, қоярда-қоймай шақырып алады, келмесе, кәдімгідей ренжиді. Ешқайсысының да баяғы бұл сияқты бейшара күйге түскенін қаламайды.

Ал Ләззат пен Қуаныш бұрынғыдай сауда саласында істейді. Өздері баяғыда үйлеріне бір айға да сыйғызбаған, қағаз кеміріп қана отыратын баланың қалайша бүгінде дәрежесі артып, мәртебесі өсіп кеткеніне таңданатын сияқты. Әйтеуір кейінгі кезде қайтадан араласқысы келетінін білдіріп, ортақ таныстардан сәлем айтып жіберуді жиілетті. Бірақ Мадияр олардың ешқайсысына да жауап берген емес. Бермейді де!

Пікірлер

user profile image
18 Ақпан, 2013

жаксы екен

user profile image
18 Ақпан, 2013

Мақала жаксы жазылған. 5 кун жалған дүниеде қатігез адамдар көппппп. Алайда, бір қиыншылықтың соңы жақсылыққа ұласатыны сөзсіз. Мадиярдың өмірі жеміске толы болсын.

user profile image
18 Ақпан, 2013

МашАллаһ адемі ангіме екен, кейіпкері өзіңіз емессіз бе Сәкен аға?

user profile image
21 Ақпан, 2013

білім іздеп сандалып келгенде құшағын жаятын жан шынында да аз ғой қалада.Қарбалас қу тіршілік қала адамдарын қатыгез тас жүрек қып жібереді Десе де өз үйім өлең төсегім деп дұрыс ақ айтқан гой

user profile image
6 Сәуір, 2013

(Әйтеуір кейінгі кезде қайтадан араласқысы келетінін білдіріп, ортақ таныстардан сәлем айтып жіберуді жиілетті. Бірақ Мадияр олардың ешқайсысына да жауап берген емес. Бермейді де!)
Кешірімді болғанға не жетсін. Қиындау, әрине, кешіре салу. Бірақ сонысымен биік.

user profile image
27 Мамыр, 2013

Біздің де басымыздан өткен жағдай,осы мақаланы оқығанда көз алдыма қайтадан оралды ұмытылған дүние .көзіме жас толып.қандай өкініш бұл деген,бұны тек баспанасыз жүрген жандар түсінет сияқты,,,,,,,,,,,,

user profile image
12 Қаңтар, 2014

Жақсы жазылыпты, ана кісілер тар жерде ертоқымын сұрайтын қайрсыз екен, оларға ренжіп қалдым.

user profile image
15 Қаңтар, 2014

Жақсы, шынайы. Бастан өткен, таныс жайт. Бәріміз де өстіп жүрдік басында. Алматының қазақтары 90-жылдардың басында осындай болғаны тап рас, шындық.Қазір тіпті қайрымсыз шығар...

user profile image
1 Сәуір, 2014

жылауға шақ қалдым. әрине, баспана мәселесі қиын ғой, өзім де ағайындардың үйінде жатып оқыдым, бірақ мұндай таршылық көрмедім, ағайынның тату болғанына не жетсін. қазір ғой, кейбір студенттерге әке-шешесі пәтер жалдап оқытса да, сабаққа баруға ерінеді.

user profile image
23 Қазан, 2014

Мен де 90-шы жылдардың басындағы студентпін. Мақалада өмір шындығы бар. Жеңгеме рахмет - мұндай қиындықты көрсетпеді. Бірақ, панасыз құрбы-құрдастарым есіме түсіп кетті. Азабы мол болса да сол заманды олар да, мен де сағынамын. Әлде жастық шақ тұрмыстың тауқыметінен құдіретті ме?

Пікір қалдыру