26 Қыркүйек, 2017

АЙМАҚ

Өзге емес, өзім айтам, өз жайымда.

Жүрегім жалын атқан cөз дайында.

Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,

Тербетіп, тулатып бір қозғайында.     

Ажал келсе айла бар ма?

Әр адамның өлімі – оның өз ақырзаманы. Заманақырдың әр адамда әр түрлі, әр қалай келетінін еске алсақ, ұшақ апатынан қаза болғандарға қарап ойланасың. Осы бір қайғылы қазаның кеудесін «мен» деп қаққан жандарды біраз сабасына түсіргені рас-ау. Ешкімнің ешқашан ажалдың оққағары бола алмайтынына, өмірдегі дәм-тұзы таусылған жанның жер қойнауына аттанарына күмәні болмағанымен, бүгінгі екі аяқтының есінен шығып кете беретіні бар. Бұндай апаттар өлімнің жар астында екенін қайта-қайта еске салады. 

«Өмірдегі кез келген құбылысқа жақсы көзқараспен қарайтын адам жақсы ойлайды. Жақсы ойлайтын адам өмірінен ләззат алады» деген сөзді қазамен байланыстыру оңай емес. Алайда өз басым өзімнің кіші қияметімді ойлап кеттім. Ұшақ ішіндегі шуылдаған дауыстар, ажалдан қашуға талпынған шарасыз амалдар, Алласын ғана ойлап барып тынышталған жүрек, кәлимаға келген тіл, түк түсінбей отырған нәресте, соңғы дем, «менікі» мен «меннің» айырылуы, «менікінен» де ештеңенің қалмауы...

Өзгелердің де тәубесіне келіп, бір сәт болсын, ойланғаны анық. Алайда ол да ұзаққа созылмас. Себебі біз – «инсан»,  яки ұмытушымыз. Ертең-ақ бұрынғы әнімізге басарымыз белгілі. Өткенде ғана 27 азаматымыздан айырылғанда жаңа жылды есіркемей, тойлап тастадық.

 «Чемпион»-журналистер

Оқиға орнына бір жарым сағат өткен соң, әріптестермен жол тарттық. Автокөлік жолының өзі тұманнан әзер көрінеді. Әрине, мұндай ауа райында ұшақтың дұрыс қонуы қиын. Қызылту аумағынан алдымен көзге түсері – құтқару жұмыстарына жұмылдырылған 1000-ға жуық арнайы маман мен 107 техника...

Бір айта кететіні, осы жолы БАҚ, республикалық телеарналар түгелімен үлгеріпті. 26 желтоқсандағы ұшақ апатын тек 7 арна тілшілері бірінші болып жеткізген болатын. Бұған байланысты айтылған сыннан «сабақ» алса керек, осы жолы түгелі қалмай жиналыпты. Бірінші болып келгендер ішке қарай өтіп кеткен, кейінгі келгендер бер жағында тұрмыз. Ішке кіруге рұқсат жоқ. Бұйрық солай. Полицейлер маңына шаң жолатпайды. Тек арнаулы мамандар ғана құлақ сыбырласып өтіп жатыр.

Ішке кірмей-ақ маңызды ақпараттарды, өлгендердің тізімін, 2 жасқа жетпеген сәбидің бар екенін, оның да қаза болғанын Facebook арқылы біліп тұрмыз. Оны да таратып жатқан журналистер. Бір бұрышта өкпелері қара қазандай фототілшілер. Ашуларын басу үшін темекілерін де тастамайды. Барлығының іздегені – сенсация, тапсырманы орындау, сол күннің маңызды жаңалығын барынша әрлендіруге тырысу. Бір мезетте мәре сызығын бірінші болып өткен чемпион-журналистер де қайтып жетті.

Түңілгені де бар, күліскені де бар. Полиция сүйреп шығарғандарын да мақтанып, езу тартсын деп айтып та қояды. Барлығының айтқаны – біреу,  бірінші шептегі полицейлердің «кесірі», түсірілімге рұқсат жоқ. Жалпы сол күннің кешкі жаңалықтар легінде оқиға орынан берілген ақпараттарда, тілшілерде қаза болған жандардың жақындарымен қайғысымен бөлісу, көңіл айту атаулы атымен болмады. Қаралы хабардың арты сол баяғы сарынына салып екпіндету, оқиға орнына араласу мақсатында полицейлермен алысып қою, шаршау, еңкілдеу,  келсін-келмесін төкпелету, телеарна имиджін көтеру мақсатында «оқиға орына біз де жеттікті» арнайы көрсетіп қалу, куәгерлерден «адамдардың шашылып жатқан миын, қол-аяғын, дене мүшелерін көрдім» деген фактілерді тарату...

Ұмытып барамын, тікелей эфирге шыққан республикалық арна тілшісіне айтар уәжіміз жоқ. Тәжірибенің ауылын дүрбімен іздеп таппайсың. Бұның жанында сахнаға мас болып шыққандармен жылап көрісесің. Қайғыдан қан жұтып, сенер-сенбесін білмей отырған жақындарының «адамдардың шашылып жатқан миын, қол-аяғын, дене мүшелерін көрдімді» естігендегі күйін өзіңіз де ойлай беріңіз. Тіпті сол түні мәйітхана жанында сеңдей соқтығысқан халықтың өз көздерімен көрмейінше, үміттері үзілмеген еді. 

Жан түршіктіргені, қаза болғандардың қалта телефондарын сол жерден тауып алып, оның ішіндегі туған-туыстарына қоңырау шалып, «коментарий» сұрап жүргендерден не сұрайсыз? Бұл сонда шетел медиасымен тереземіз тең дегені ме?

Қысқасы, «жаңа» журналистика гуманизм мен этикадан гөрі, сенсацияны тәуір көреді.

 «Елім дейтін билік болмаса...»

     Бірінші болып оқиға орнына Алматы қаласының әкімі А. Есімов келді. Оқиғаға байланысты Бас көлік прокуратурасы ҚР ҚК 295-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғап, өзінің өндірісіне қабылдады. Сосын ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов «Алматы қаласының әуежайы маңында CRJ 200 LR ұшағының құлауы салдарынан орын алған қайғылы оқиғаның себебін тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құру туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына қол қойып, комиссияның атқару жұмыстарын Премьер-министрдің бірінші орынбасары – өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевқа жүктеді. Тергеу уақытын 1 ай көлемінде деп бекітті.  

    Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев екі рет, Ақмола облысының әкімі Қ. Айтмұхаметов,  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтса, SCAT әуе компаниясының президенті В.Денисов апаттың мән-жайын түсіндіріп, ұшақтың құлау себебін Алматы қаласының қолайсыз ауа райы, төңіректі тұман  басуымен байланыстырды. Ұшаққа отырған жолаушылардың басым бөлігі Ақмола облысының тұрғындары болғандықтан, облыс әкімі Қ. Айтмұхаметовтің төрағалық етуімен жедел штаб құрылды. Облыстық әкімдік материалдық  көмек ретінде  жерлеу шығындарын өз мойнына алса, Көкшетау қаласының әкімдігінде моральдық жағынан «жедел желі» ұйымдастырылып, штаб құрылды. Жедел кезекшілер мен психологтар түрлі жақтан көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Үкіметтің  әуе жолы байланысына ат үсті қарауға болмайтынын жете түсінуіне себеп болған  ұшақ апаттарының қайталанар-қайталанбасы өткен күнгі Алматы төңірегін басқан тұман секілді. Әрине, Үкімет өзі басқарған елін «менің халқым» дегеннен гөрі халықтың басқарушыларды «менің үкіметім» дегені маңызды ғой. Соның бір ұшқыны қайғылы қазадан анық сезілді. Әрбір үкіметте болуы керек басты ерекшелік осы дер едік. Бірақ тек қайғылы қазаларда ғана емес, әр уақытта билік үшін халықтың бірінші тұруы басты талап. Ал халқымыз қалған уақытта басқарушы үкіметті өлексеге таласқан ит-құс ретінде көретін болса, онда ол «дене мен бастың» бір-бірінен әлдеқашан ажырағанын білдіреді.

 Құлақ үйренген «қара жәшік»

Соңғы кездерде қара жәшік туралы көп естіп, біраз мәлімет біліп те қалдық. Қара жәшік болған оқиға орнынан 5-6 сағат шамасында табылды. Әрине, жұмылдырылған 1000 адамның барлығы оны іздеуге кіріскен жоқ. Мүмкін,  барлығы кіріссе ерте табар ма еді, бірақ сенсация жасаймын деп тұрған ашкөз журналистердің өзіне бөгет жасау ол да бір жұмыс қой. Мейлі ерте, мейлі кеш табылсын, қара жәшік қайта ұшаққа отырып, Мәскеуге қарай жол тарпақ. Бұл жөнінде Өңірлік даму министрі Б. Сағынтаев мәлімдеме жасады. Апаттан аман қалған қара жәшікке дұрыс диагноз қоятын бізде арнайы технологияның жоқтығы өз алдына. Соңғы 70 жылда 1 емес, 31 рет ұшақ апаты тіркелген екен.  Соның түгелін оқып-тексеруде көршімізге тәуелдіміз.

P.S. Жиған-тергеніміз осы болды. Жазбамыздың эпилогы Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы«Қазағым» термесі болсын.

...Жүрегін жаудың қақ тілген,

 Алшайтып тұрып ап мінген. 

 Қазақ деп мұңға баттым мен,

 Қазақ деп жылап жаттым мен,

 Көзімде мұңның табы бар,

 Ернімде шөлдің зары бар,

 Жетім ботадай боздадым,

 Сөз ұғар біреу табылар. 

 Алдыма түсті -ау жабылар,

 Жабылардан да жалығар.

 Қазақтың зарын айтты-ау деп,

 Менің де жолдар сағынар...

P.P.S  "Жақсы" ұлттық порталы ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың қайғысына ортақтастық білдіріп, жақын-туыстарына көңіл айтады.

Пікірлер

user profile image
31 Қаңтар, 2013

Жүрегім жалын артқан өз дайынды. сөз дайында шығар

user profile image
31 Қаңтар, 2013

Дарбаза ар жағына өте алмағандықтан, "чемпион журналистер" деп алалап нең бар? Ішің күйсе тұз жала, сол күнгі жаңалықтарды мұқият бақыламағанын да көрініп тұр. Көзі қарақты көрермен барлық телеарналардағы жаңалықтардың жартысы қайғылы оқиғаға арналғанын, жақындарына көңіл айтқанын көрді. Ал, полиция өкілдерінің қызмет баптарын асыра пайдаланып қол жұмсап жатқандарын көрсеткендірінің несі әбестік? Жалпы телевидения саласында істемейтін сен сияқты азаматтардың осындай күйе жағып, тырнақ астынан кір іздеуі еркек атына лайық болмас.

user profile image
31 Қаңтар, 2013

неге жаңалық толық емес, неге дер кезінде бермеді деп шулайтындар да бар емес пе, ақпарат берсең неге олай деп сұраған қызық екен. Жалпы журналист болсаңыз бірінші болу, ерекше шығу деген бар, барлық ақпараттан ол өзгеше болу керек, әдеттегідей шықса бас редактордан неге ізденбедіңдер деп айтады...

user profile image
31 Қаңтар, 2013

Қайырын берсін
("Мені де жоқтар, сағынар" терменің соңы...)

user profile image

маган сол күнгі апат жайында акпарат берген телеканалдардан 31 арна журналистеринің жұмыстары ұнады

user profile image
31 Қаңтар, 2013

жандары жаннатта болсын!кулаган ушактин сапасинда тексерулери керек!!! келеси тагида кайгылы жагдай орин алмас ушин,арбир ауе компаниясна катан талап койулары керек!!

user profile image
1 Ақпан, 2013

Аза тұту күні..... бірак ойлап карасак елімізде күніне артурлі себептермен ондаган, жүздеген казакстандыктар бакилык болып жатыр, аза тұтатын болсақ әр күнімізді аза тұтуымыз керек

user profile image
1 Ақпан, 2013

Осындай деп мақала жазу үшін өзің ерекше бірдеңе жазуың керек қой. Әйтпесе басқа сөзің - далбаса.
Елді жазғыру дүниедегі ең оңай нәрсе. Өзің елден ерекше не жаздың ал. Көрсетші.
Өзіңнің тізбелеп жазып отырғаның да интернетте шыққан дүниелер. Кейбір сөйлемдерді тіпті ақпараттық агенттіктер қалай берді солай көшіре салыпсың.

user profile image
6 Ақпан, 2013

Жақсы.кз емес Жаман.кз деген атау керек болар сайтқа жалпы. Көрінген тақырыпты бытпырақтатып жаза беретін болған. Тіпті оқып отырып мыналар не деген адамгершіліктен жұрдай деп қаласың. Тақырыптарында әрқашан әйтеуір біреуге ғайбат айтады да жатады. Басында біраз жақсы еді, қазір ауызымыз бармайтын болды шынымды айтсам. Әрине үмітсіз шайтан. Сіздерден сауат ашатын, ағартушылыққа мән беретін мақалаларды күтеміз.

Егер олай болмаса, деңгейлеріңіз жалпы мақалалардағы кейіпкерлермен бірдей деген сөз.

user profile image
6 Ақпан, 2013

бүл күн өте ауыр да қайғылы күндердің бірі. осындай жағдай қайталанбасын ещқашан, халқымызға барлық жақсылықты тілеймін

user profile image
7 Ақпан, 2013

Қаза болғандардың туыстарына, халқымызға Алла сабыр берсін! Осы "қара жәшіктегі" мәлімет сондай екен, мұндай екен дегенді естімейміз, жәшік сол кеткенмен мол кетеді әйтеуір

Пікір қалдыру