25 Қараша, 2017

АЙМАҚ

Ақтаудағы әңгіме. Жаңаөзенде неге жұмыссыздар көп?

Астана мен Ақтаудың арасын ұшақ бар-жоғы 2 сағат 35 минутта байланыстырады. Бірақ, екінің бірі емес, бестің бірінің ғана билет үшін 40 000 теңге тауып беруге шамасы келері түсінікті. Бұл жай факті...ұзақ материалға ілік тапқан түрім.

Хош, Ақтауда бізді облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы қабылдады. «Ал Жаңаөзенге алғаш рет бара жатыр екенсіңдер, мен айтайын, сендер тындаңдар» деп бастап кетті. Іші толып қалған екен...

«Өзенде жұмыссыздық мәселесі жоқ емес, бар. Барынша жұмыспен қамту бағдарламасын да жасағанбыз. Алайда, ешкім көше сыпырушы, еден сырлаушы секілді біз тауып берген тірлікті істегісі келмейді. «Мен қалпақпын ба, не?» деп кергиді (қалпақ дегені - қарақалпақ ағайынымыз. Тараздағы қырғыз, Шымкенттегі өзбек сияқты, Жаңаөзенде қарақалпақ ағайынның жалданып нәпақасын табатыны бар екен)».

-         Сонда көбісі қандай жұмысты қалайды?-дедік.

- Мұнайшы. Бәрі мұнайшы болғысы келеді! Бірақ «Өзенмұнайгаздың» штаты созыла беретін резеңке емес қой. Онсыз да 9700 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оған қосып енді бір адам да ала алмайды. Жарайды, мұнайшы болғың келеді екен, онда басқа ауданға апарайық, өзге облыстарға көшірейік деген де ұсыныс жасап келеміз. Тіл алғаны тіптен аз. Дүние-мүлкін көшірісіп беруге де қаражат бөлдік. Жоқ, олар Жаңаөзенде қалғысы келеді және тек мұнайшы болғысы келеді! Бітті», - деп барып сағатына қарады. Өзінше ренжіп отыр...

Расында, 2010 жылдары Орақ әкім боп тұрғанда, Өзенді дамытудың арнайы бағдарламасы қабылданып, қала бюджетіне 2012 жылға дейін 42,9 млрд. теңге бөлінген еді. Кейін бұл соманы 48 млрд. теңгеге дейін өсірді. Орақ әкім сонда бүй деп мақтанған: «Бұл тұтас облыстың бюджетіне пара-пара келетін ақша».

Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін кешендік жоспар да қабылданған. Осы бағдарламаға қатысы бар бар компанияға жергілікті тұрғындардан жұмысшы алу міндеттелген де болатын. Бірақ, жұмыссыздар табылған орынға барғысы келмеген. «Өзенмұнайгаздан» шақырту күткен...

Әйтеуір, қуанғанымыз - биыл сең бұзылып жатыр екен, жыл басынан бері 4698 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Әлеуметтік жұмысқа 1004, қоғамдық жұмысқа 1249, жастар тәжірибесіне 169, кәсіби даярлауға 50 адам жіберіп болсын, ептеп жұмыссыздықпен күресіп жатыр.

Жұмыссыздар бар, ал қат мамандар жетпейді. Өзенге қарасты Қызылсай ауылындағы амбулаторияда болғанымызда, мақтанып су жаңа УЗИ аппаратын көрсетті. Салафаны ашылмай тұр. Соның салафанын ашып, оталдыратын маманы жоқ дейді. Жоғарыға сұраным жіберген, бірақ әзірге ешкімнің бұл жерге келгісі жоқ. Қалалық перзентханада болғанымызда да сол мәселе алдыдан шығады – білікті жас дәрігерлер тапшы.

Өзендегі әңгіме. Бизнесті дамытпасақ, мұнайдан қайыр жоқ

Өзен. Бізді қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы қабылдады. Біз жүрген үш күннің ішінде де қала әкімінің сөйлесуге мұршасы болмады. Бекет атаның атын қою мәселесімен алысып жатты.

Бөлім бастығы біз секілді тілшінің талайын күтіп алып, шығарып салған шебер ғой, шешіліп ештеңе демеді. Құрғақ сандардан сөйлетті. Берген ақшаны күштілеп игеріпті (биыл шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша бөлінген 477 млн теңге, аймақты дамыту үшін қарастырылған 128 млн. теңгені толықтай игеріпті).

Өзеннің халқы өте белсенді деді (Облыстық мәслихат сайлауында ең белсенді болған өзендіктер екен). Қаладағы еті тірі азаматтар өкіметтің 3 пайыздық несиесін барынша пайдаланып қалуға тырысуда екен. Жапатармағай дүкен, тойхана ашып жатыр.

«Жалғыз алып – «Өзенмұнайгазға» қанша жалынғанымен, оның артық адам алмасы аян. Жалғыз амалымыз енді осы несиені пайдаланып қап, шағын және орта кәсіпкерлікке күш беру» деді бөлім бастығы. Басымызды шұлғып біз отырдық.   

Жаңаөзен қаласындағы "Жанарыс" тігін фабрикасы 400 адамды жұмыспен қамтып отыр

«Рауан» қала, «Рахат» ауыл болады

Қалаға кіре берістен-ақ әп-әдемі жеке үйлердің көптігін байқағанбыз. Жеке үйді жақсылап салғандықтан да, мұнда пәтер мәселесі деген сезілмейді. Қала бойынша пәтер алуға кезекте тұрғандар саны мыңға да жетпейді.

Осындай жеке үйлерден тұратын «Рахат» шағын ауданында шамамен 40 мыңдай адам тұрса, соның 80-90 пайызы – оралмандар екен. Өкімет 3 мектебін, балақшасын һәм емханасын салып берген. Келер жылы бұл ауданды инженерлік-коммуникациялық жарақтандыру аяқталады. Базары мен әкімшілігі ашылады.

Енді осы «Рахатты» бөлек ауыл қылып шығару туралы жоғары жаққа ұсыныс жіберіліпті. Әкімшіліктегілер әбден зәрезап болса керек. «Әйтпесе, жарығы өшіп қалса да, суы тоқтап қалса да, түн ортасында телефон шалып, тереземізден тас лақтырады. «Азаттық» пен К + шақырамыз деп қорқытады», - деп әкімшіліктің бір қызметкері мұңын шақты.

Енді бұл мөлтекаудандар бөлек отау болғанымен, бәрібір қалаға бағыныштылығын жоғалтпайды. Жаңадан бой көтеріп жатқан «Рауан» шағын ауданында болып, бюджет саласындағы қызметкерлер мен жас отбасыларға салынған үйлерді көрдік. Бұлар енді көпқабатты, заманауи, кең үйлер. Мұндағы пәтерлерді әр шаршы метріне 70 мың теңгеден төлеп өзіңізге сатып алуға болады. Келісерсіз, бұл қазіргідей баға ұшынып тұрған заманда жақсы баға.

Жаңадан салынып жатқан "Рауан" деген аудан осы. Қызыл шатырлы балабақшаны теміржолшылар тарту еткен.

Қаланы аралап жүрміз. Былтыр күл-пәршесі шыға қираған 28 ғимарат толық жөнделіпті. «Өзенмұнайгазың» тегі офисін одан әрі сұлулап, сәндеп жіберіпті. 72 көпқабатты үйді сыртынан қызыл-жасылға бояп жіберіпті. «Для пущей красоты».... Бояуға да жұрт қарсы болған. Бірақ, әкімдік дегенін істетіпті. Басқасына қайдам, бірақ маған бұрынғы сұрқай үйлер қазіргі колорымен кішкене сәнденіп қалғандай көрінді.

Өзеннің «Мұнайшы» деген жалғыз мәдениет үйі бар. Жалғыз дене шынықтыру-сауықтыру орталығы бар. Жастың бәрі осында. Осындай мәдени-сауық орындарының аз екені көзге ұрып тұр. Мысалы, әлі күнге дейін кинотеатр жоқ. Кеңес кезінде болған «Жалын» кинотеатрының ғимараты жастар орталығына беріп қойған. Әлі күнге дейін жеке театры жоқ...

Мұнай таусылып барады

Иә, Өзеннің мұнайы тартылып келеді. Парафині көп мұнайдың жылына 16 млн. тоннасын сорған кезі сонау 70-шы жылдардың орта шенінде еді. 90-шы жылдары тіптен 2 млн. тоннаға дейін түсіп кетті. Қазіргісі – жыл басынан бері 3 698,6 мың тонна шикі мұнай...

Былтыр еліміз бойынша 80,1 млн. тонна мұнай өндірілгенін ескерсек, Өзеннің үлесі мардымсыз ғана. Енді барды барынша сығып алу үшін техниканы жаңартып, жарақтандыруға тырысып жатқан түрі бар. «Қазмұнайгаз Барлау-Өндіру» де модернизацияға 43 млрд. теңгені бөліп тастапты. Мұнайлы аймақты аралап келе жатқанда, жолсерігіміз жаңа качалкаларды ара тұра қолымен нұсқап көрсетіп қояды.  

Жаңа сорғылар тоқты бұрынғысынан 2 есе аз жұмсап, мұнайды 2 есе көп сорады екен. Бірақ, «Өзенмұнайгаздың» бізге тапсырылған адамы бұл качалкалардың қай елде шығарылғанын айтуға да жүрексінетін жеткізді. Тағы да әлдебір ел бізді басынып, жаулағалы жатыр деп жұрт ашуланбас үшін сақтыққа барыпты. Әзірге атауы – «жаңа құрылғы»...

"Жаңа құрылғы"

 Мұнай бұрғыларын айнала қоршаған алашұбар шарбақтарға көзіміз түсе берген еді, сөйтсек, бұл мұнай мен металл ұрлаушыларға қойылған бөгет боп шықты. Егер шарбақты көлік бұзып өтсе, дабылы шырылдап қоя береді. Сақтанатындай жөні бар. Себебі, ұрлықшылар құбырды тесіп, мұнайды, жетпесе солярканы, тегі болмаса трансформаторлардың сымын қиып алып кететін көрінеді.  

Бекет атаға қарсымыз...

Бекет атаға бәрі қарсы. Әрине, қалаға атын беру мәселесіне келгенде. Әйтпесе, байқадық – мешіттің қабырғасында да, компьютердің фонында да, мекеменің қабырғасында да Бекет мешітінің фотосы. Құрмет қылады.

Мұнайды судан айыру стансасының басқару пульті. Қабырғада - Бекет ата мешітінің фотосы

Содан қалалық мәслихаттың депутатымен сөйлестік – «шыны керек, бұл атқа лайық емеспіз. Өте ауыр болады бізге. Егер қалада қыз зорланса, Бекет атада қыз зорланды деп айта ма?» деп күмілжіді.

Белсенді мұнайшымен сөйлестік  - «болмайды, халықтың әлі ашуы кетпеген, сот жаңа біткен кезде бұл нағыз арандату. Біздің пікірмен санасу керек. 9700 мұнайшының 99,9 пайызы қала атын ауыстыруға қарсы. Керек болса, бәріміз қол жинап береміз» деді. Әкімшіліктегі шенеунікпен сөйлестік – «Жоғарыдан тапсырма солай. Жұрт қарсы, бірақ бізден қолдады деген дауыс жинаңдар деп жатыр» деді.

Қысқасы, бұл Бауыржан Мұхамеджановтың кәлласындағы ғана идея секілді. Ұзынқұлақтан естігеніміз, ол да Қырымбек досы секілді тікұшақпен Бекет атасының басына жиі барғыштап жүр екен. Мүмкін, бұл Бәкеннің діндарлығынан да емес, Бекет десе барын беретін маңғыстаулықтарға ұнау үшін жасалған саясат шығар, кім білсін. Бірақ, оның өзіне таяқ боп келерін тағы да кім білген десейші...

Судай несие, аз жалақы...

Тағы бір түрткенім – қаланың қай көшесінде болмасын, мемлекеттік-саяси, я әлеуметтік жарнама дегенің көзге ұшыраспады. Бірді-екілі ғана. Сірә, бұл халықтың шабына тимейік, ашуын тудырмасын деген мақсатта жасалған шығар.

Бірақ, Жаңаөзеннен де шағын Қаратау қаласында тәлім сөз дегенің адам аяғы бара бермейтін түкпір көшелерінде де самсап тұрады. Бұлардың қоғамдық сананы қалыптасырудағы рөлін кім зерттеген... бұны айтып отырған себебім, осы позицияны Жаңаөзенде банктерге беріп қойыпты.

Аялдамада, көпқабатты үйдің бүйірінде, бағанда.... бәрінде банктердің қызылды-жасылды билбордтары. Арзан несие беруге шақырған арбауы. Бұндай ақпараттық қысым өз дегенін істетпей қоя ма? «Өзенмұнайгаздың» баспасөз хатшысы мұнайшылардың арасында банктен несие алғандардың өте көп екенін айтып еді.

Себебі, «мұнайшымын» десе, банктер, техника дүкендері сөзге келместен несиені рәсімдей береді екен. Оларға ыңғайлы. «Өзенмұнайгаздың» бухгалтериясы жұмысшылардың айлығын аударғанда, банктердің үлесін ұстап қап отырады. Кешіктіру деген жоқ.

Мұндай майшелпектен банктер қалай айрылсын? Жалпы «Өзенмұнайгаздың» жүйесі бойынша, мұнайшыға 150 мың теңге төленеді десе, қолына сол 150 мың теңгесін ұстатады. Оның үстіндегі зейнетақы қорына аударарың, қосымша құн салығы дегенің компания төлейді. Соның өзінде алынған кредит жалақыны азайтпай қоймайды. Одан кейін мұнайшылар айлықты көтерсеңдер деп басшылығын мазалайды. Міне, осындай парадокс...   

Өзеншілердің ауызбіршілігінің кілті

Сол несие көбіне не үшін алынады дегенде, кәдімгі қазақтың бітпейтін (Құдайдан бітірмесін деп тілейік) той-томалағын жасау, садақа өткізу үшін керек дейді жолсерігіміз. Тойы түсінікті, ал садақа дегені мұқтаж адамға тиын тастау емес.

Жақыны қайтыс болғаннан бастап қорқынышты түс көруге дейін жағдайдың бәріне жарай беретін ас беру. Ағайын мен көршіні шақыру. Садақа десе, шақырылған адамның бірі қалмай жиналады. Жұмысы қанша маңызды болса да, садақа деп бір ауыз айтса, басшысы ләм демейді. Басқа себепке бұлқан-талқан болуы мүмкін, бірақ бұған қатысты дым демейді.

Саясатың, дінің – осы жерде талқыланады. «Сондықтан, бұл біз үшін жиналудың, ұйысудың ең үлкен институты. Өзеншілердің ауызбіршілігі осы садақаның көптігінде» деді жолсерігім.

Пікірлер

user profile image
27 Қараша, 2012

Иә, Өзендегі әңгімені естіп, бір "Рахат"танып қалдық. Садақа - саясат пен діннің ақиқаты ашылатын орта. Несие - кафе мен ресторанның кілті. Мұнайшы - бұл өзеннің қадірі де, қасіреті де. Бекет ата - жердің емес, адамның аты. Алматыда сіздің жалақыңыз 100000 теңге десе, қолыма алатыным 80000 деп алматылықтар санай береді. Ал Жаңаөзенде 150000 теңге, ол 150000 теңге, ол оңай несие, дегенмен аз жалақы. Неге? Халықтық К+ ке хабарласып мәселе шешетіндігі күлдірді))) Бұл да бір өзіндік специфика.
Түйгенім. Жаңаөзен - Америкадағы Техас, Қытайдағы - Гонконг болғысы келеді екен...

user profile image
27 Қараша, 2012

Көп проблема сол кредиттерден болып тұр ғой. Бірақ осындай әлеуметтік кикілжіңнің бір себепшісі болып отырған банктердің мұртын балта шапқан жоқ.

user profile image
27 Қараша, 2012

Жаңаөзен, жаңаөзен деп тым еркелетіп жібердік. алтын тышып жатқан түктері де жоқ. сол жаңаөзенге жасаған жақсылықты кез келген қалаға жасасын енді. Серік Ахметовтың өкіметі жақсартатын шығар деп үміттенейік

user profile image
27 Қараша, 2012

Мдаааа....

Күнделік өте жақсы жазылыпты. Жалғасы күтемін. Эхх... Жаңаөзенді мемлекеттік дәрежеге шығарғысы келетіндерді, Желтоқсанмен теңестіретіндерді түсінбеймін. Жұмысқа жегіліп, жауыры шыққан қотыр есегіңді тұлпар деп сәйгүлікпен бірге бәйгеге қосқанмен бірдей ғой

user profile image
27 Қараша, 2012

Өркен Кенжебекті танымаймын, аласым не бересім жоқ бірақ мына мақала жақсы жазылыпты.Әр бөлімінің өзі біраз пікірталастар мен талдауларды туғызады. Менің айтайын дегенім Жаңаөзенге ат басын бұрғандардың санынан жаңылысып жатырмыз. Саясаттан хабары барлар мен қаламымен қағынып жүргендердің біразы сол жаққа барып қайтты. Ал, солардың көбісінің мардымысытып бірдеңе алып келгендері шамалы.Мұнайшының үйінде жарығы жоқ екен, бір мұнайшының баласы грантқа түспепті, Жаңаөзенде жөнделмеген көше бар екен, терезесі сынған мектеп бар екен т.с.с. деген әңгімелерді естіп жүрміз. Бұндай жағдайлар Қазақстанның барлық аймақтарында, қала берді дамыған мемлекеттеріңде де бар. Сондықтан менің айтарым жеке адамдардың тұрмысынан, немесе жасалып жатқан жұмыстарды аяғына жеткізбей жамандап жіберуден мемлекеттік деңгейдегі бірдеңе жасаймын деген арам пиғылдардан арылып, шын саясатпен айналысуымыз керек.

user profile image
27 Қараша, 2012

шШынын айтайыкшы....жаксы жазылган...букпасыз....боямасыз...каз калпында

user profile image
27 Қараша, 2012

Өркен, келесі жазбаны Жаңаөзеннің базар немесе дукендер бағаларын айтуынызды сураймыз, басқа қалалрмен салыстыныз, және қызмет ету сфераларын сараптаныз (шаштараз,кафе жене т б)

user profile image
28 Қараша, 2012

Љркенді танымаймын, біраќ сыралѓы журналист деп естимін. Мына маќаласы жаќсы екен. Ењ ѕттеген айы сол,осындай ќаламы ќарымды журналистер Жањаљзен ќырѓыны болмай тђрып бару керек еді, кљзбен кљріп, сол кезде мѕселені кљтеріп жазу керек еді. Обалы не керек, жау кеткен сон кылышынды таска шаптын кері мынау.

user profile image
28 Қараша, 2012

Өркен, сізге Жаңаөзен өркендеп келе жатқан қалалардың бірі ретінде ұнап қалған сияқты ғой)) Бәрібір Астананы сағынғаныңызды жақсы білемін, қанша күн болдыңыз?
Иә, жазбаңыз жан-жақты жазылыпты. Мешітке соғып едіңіз, ондағы жамағат жайында кейін бір "әу" деп қоярсыз. Байқаған боларсыз, адамдары қарапайым. "Жас Алашты" көп оқиды. Менің білуімше ол жақтағы халық біздің билікке тым ашулы. Бұрыннааааааан. Себебі халықтың оқитыны әлгі "рофпплдфвлдлшфоп" секілді сасық басылымдар. Саналарын жаулап алған. Әкімдіктің қолдауымен шығып жатқан басылымдардың күні қараңғы. Дүңгіршектерде сатылмайды. Сол жағы қиындау.
Пы.сы. Өркен, қазір күн суыды ғой, сіз енді жазда келіңіз)

user profile image
28 Қараша, 2012

Деректі мақала, өзім барып қайтқандай болдым)
Жазда Маңғыстау өңірінде болғанда,жағамды ұстадым. Халықтың ой-мұңы мүлдем басқа. басқа облыстағылардан ерекше. Бүкіл Қазақ жұртына тәуелсіздікті алып берген де, салт-дәстүрді сақтап қалғанда адайлар немесе БҚО-ның батырлары сияқты. Біріңді қазақ,бірің дос көрмесең,істің бәрі бос демей ме Абай. Жазда Олимпиада болды емес пе? Отырып алып Серік Сәпиевке жанкүйерлік еттік. Бірақ Маңғыстаулық боксшы шыққанда олардың (нағашыларым ғой)): "Маңғыстау! Маңғыстау!" деп айқайлағаны былай тұрсын, БЕКЕТ АТА қолдайды Әділбекті деп айтқанынан шошыдым. Қариялардың намаз оқығанын көрген жоқпын, бірақ сәл бірдеңе болса, "пір Бекет" деп табынады... Бұл бөлек мәселе ғой. Ал жастар ше? Көпке топырақ шашпаймын, бірақ жастардың басым көпшілігі батыстың ғана әнін тыңдайды екен. Әдебиетке келгенде де, Абай,Шәкәрім,Ыбырай бергісі Мұқағали немесе Алашорда деп отырғанын көрген жоқпын Тек қана батыстан шыққан жырауларды насихаттайды.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Өзен-Өзен дей берсек, еркелетіп алмаймыз ба деп қорқамын. Онсыз да жағдай мәз емес...

user profile image
29 Қараша, 2012

Өткен жылғы оқиғадан кейін Жаңаөзеннен жеткен жаңалықтарға құлағымды түре жүруші едім. Біраз сұрағыма осы мақаладан жауап алғандай болдым. Мақала расымен жан-жақты талданып жазылыпты. Қатты ұнады. Ал Жаңаөзен жөнінде әңгіме басқа. Қалай болғанда да мен мұнайшылардың былтырғы табандылығын жоғары бағалаймын. Олардың өз құқықтарының орындалуы үшін алты бойы көрсеткен жанаярлығы Желтоқсан оқиғасымен салыстыруға келмесе де ерлікпен пара-пар дүние. Былтыр ол жақтағы бауырларымыздың аяусыз жанышталғанын естігенде алыста отырып, қолымыздан келер дәрмен болмағанына жүрегім ауырған. "Бекет ата десе барын беретін" маңғыстаулықтардың қала атауына қарсы болып отырғаны таңғалдырып отыр. Бірақ осы бастаманы көтергендер де солай ойлаған шығар... Не болса да, біздер, қарапайым халық жаңаөзендіктермен бірге болуымыз керек. Олардың жетістігі - біздің қуаныш, қайғысы - күйінішімізге айналуы керек. Еркелеттік немесе басқа деп бір-бірімізден бөлінбейік!

user profile image
29 Қараша, 2012

Менің түсінбейтінім сендер неге жабылып адайларға уыңызды шашып отырсыңыз.Маңғыстауды соғысып алып берген сендердің ата бабалырыңызба.Өзен қаласын сендер салып, мұнайды сендерме өндіріп жатырған.Шындығында біздер сіздермен тумаласта ағайында емеспіз. Қайта рахметіңізді айтың сол мұнаймен сіздермен қоса бүкіл қазақстанды асырап отырған адайлар.Барлығынада Алла куә.

user profile image
1 Желтоксан, 2012

Марфуға дүние үшін (ары кетсе 20 мың теңге шығар қиылығаны? Өре түрегелді себебі бүкіл мұнайшы кредит алған. 150 мың айлығының 50 мың теңгесін банк ұстап қалады автоматты түрде.. ал әлгі 20 мыңдық жеңілдік алынып тасталған да, айлығы автоматты түрде азайған. ай осы кредит алуды қояйын деудің орнына, айлығымды қырықтың, жалақымды көтер дейді. соның соңы алаңда алаңғасар сияқты 6 ай отыруға апарды. Ау 3 ай бойына жұмысқа кел деп шақырды ма Өзенмұнай? Шақырды! Ау қырсығуды ерлікке оны қойшы, желтоқсандағы батырлыққа теңеуге бола ма?! Үкімет кетсін, шал кетсін деп бас көтеру сенің ше, Марфуға басшылыққа, патшаңа қарсы шығу ердік пе? Мұсылмандық қайда қалды? Нұрек Ерден

user profile image
7 Желтоксан, 2012

Мақала жақсы жазылыпты. Ілгеріде жиі жарияланатын жолсапар очеркінің элементтері де кездеседі. Проблемаларды көре білуі де, ой түюі, өзіндік(журналистік) дүниеге көзі, байқампаздығы байқалады. Өркен жалпы, жақсы жазатын жігіт қой,бұрындары"Жас қазақта", "Дала мен қалада" жасы мақалаларын оқып жүретінмін.Мына жазба тіптен қатты ұнады. Әр ой, дәйек-дерекке бұлтартпас айғақ(аргумент) ретінде фотолары да бар.Жақсы.Журналистиканың мүкіндігі де артықшылығы да осынысын да емес пе? Пір Бекетке құдайдай табынатын маңқыстаулықтардың қала атын өзгертуге қарсылығы түсініксіз, бір жағынан олары дұрыс па деп те ойлаймын.Жалпы топонимикада елді мекен аттарын тұлғамен байланыстыру жөн емес. Өйткені тұлға белгілі кезеңмен(1 ғасыр 2-3 ғасырт.б.) өлшенеді.Ал, табиғаттың ыңғайымен қойылған жер-су аттары мәңгілік.Өйткені халық өзі тудырған шынайы құбылыс.Әлгі ішкі саясаттың бастығының күмілжуі де орында ма деймін. Барынша бұзақы жерге, киелі тұлғаның есімін беру қалай болар екен дейтін шығар.

user profile image
22 Желтоксан, 2012

Ассалаумағалейкүм! Сапалы мақалаңызға рахмет, ағасы! Алла разы болсын! Бөлінгенді бөрі жер... Бекет атамыз тірі болса, оның құрметіне қаланы атаймыз дегендерге разы болмасы ақиқат. "Жаңаөзен" атауы да жаман емес. Әрі халқымыздың да "Бекет ата" деп атауға аузы бармас. Мен тұратын Байқоңыр қаламды жерлестерім "Байконур" деп жүргенде, ол "Бекет атаңды" ертеңгі күні "Бека" деп жүреріне күмәнім жоқ. Алматыны "Ата" деп жүрген жастарға ермек қылуға қиындық туғызбас, қызығушылығын оятпаса. Сонымен қатар, "Адайлар" деп біз өзіміз де бөле береміз. Мұнымыз дұрыс емес. Ал "Адайлар" деп жұрттың бөлінуі - тәкаффарлықтарына жол болсын демекпін. Мұнайды нәсіп еткен тек Алла. Алла мұнай арқылы ризығымызды табуымызды нәсіп қылды. Ендеше, Қияметте мұнай үшін де сұраламыз. Қайда жұмсадық, қандай мақсатта пайдаландық - бәрі-бәрі үшін. Бүгінде үш жүздің басы бірікпей, үшжүзділер қаптап жүрген заман-ай! Алла бірлігімізден айырмасын!

user profile image
28 Ақпан, 2013

Жаңаөзенге Бекетата атын берген қате деп ойлаймын Атаның Пір болғанын ұмытпайық ағайын Әулиенің Аруағын әуреге салмайық дұрыс түсініңіз ағайын

user profile image
6 Сәуір, 2015

Жанаөзен жастары "қызылшаға" қарсы екпеден қырылып жатыр,бәлкім бұл да саясат болар....

user profile image
7 Қараша, 2015

Ассаламалайкум Жаңаөзендіктер.Жаңаөзенде қарақалпақ халқы көп.Біз оларды басынбай, қайта бауырымызға қысып оларды жақсы көруге тиіспіз.Олардың тілімен түрлері қазақпен 80-90пайыз бірдей болып келеді.Өзіміз азғантай ұлтпыз.Осындай қарақалпақ сияқты ұлттың бар болғанына Аллаһқа шүкір етейік.

user profile image
7 Қараша, 2015

Ассаламалайкум Жаңаөзендіктер.Жаңаөзенде қарақалпақ халқы көп.Біз оларды басынбай, қайта бауырымызға қысып оларды жақсы көруге тиіспіз.Олардың тілімен түрлері қазақпен 80-90пайыз бірдей болып келеді.Өзіміз азғантай ұлтпыз.Осындай қарақалпақ сияқты ұлттың бар болғанына Аллаһқа шүкір етейік.

Пікір қалдыру