25 Қараша, 2017

АЙМАҚ

Адал ақшаңызға әділетсіздікпен келген ас ішіп жүрсіз. Сізді арбаушылар сізге «ас болсын!»-деп тілек тілеуде. Олар күліп тұрып, бүйірден пышақты қалай ұрады? Таныс болыңыз.

 

Оқиға былай басталды

Сенбі күні болатын. Есік алдында ерсілі-қарсылы кезіп жүргем. Кенет әкем:

- «Балам, ақыры бос жүр екенсің, қыста азық қылар картоп-пияз әкеліп қояйық. Әйтпесе, ертең қол тимейді, жұмыс көп»,- деді.

Жалқаулық еңсемді езіп тұрса да, қарсы уәж айтуға ұятым жібермеді.

- «Барсақ, барып қайтайық»,- дедім құлшынып тұрған кісідей.

 

Сұрасаң аузыңнан, сұрамасаң қалтаңнан табасың

Базарға кірісімен, алғашқы сауданы еттен бастадық. Он келідей өлшеттік. Расымен он келі ме, тоғыз келі ме, бәлкім оған да жетпес. Кім біліпті? Ол жағын саудагердің ішкі арына қалдырдық. Тәп-тәуір жілік таңдағандай болғанбыз. Үйге келіп, қалтаны төңкерсек, шайнасаң тісіңе, жұтсаң өңешіңе тұралайтын қосымша бірдеңелерді де сүңгітіп жіберіпті. Қай кезде? Қалай? Сиқыршы ма дерсіз. Бұрын, «аға, мынаны қосайын, аға, ананы қосайын?»- деп сұраншақтап тұратын сатушының қазіргі әдіс-тәсілдері де өзгеріпті.  

 

Екінші сауда

Әкем әр картопты таңдап, біраз жүрді. Мен тек ілесуші. Картоппен өскен кісі болғандықтан, тағар міні де көп болды. «Сақтауға қызыл сорты жақсы»,- деп қойды бір сөзінде. Мен де басымды изеп қоям. Құлықсыз. Әрине, мына оқиғаға дейін.

 

Даудың басы – таразы

Неліктен екенін білмедім, «мынаусынан алайық»,- деп, әкем бір жерге тоқтады. Картоп бағасын сұрадық. «Келісі – 75 теңгеден»,-деді. «70-тен берсеңізші?»- деп едік, қанша алатынымызды және сұрады. Біз айттық.

Сонан соң ойланып тұрды да, әріде жүрген қартаң әйелге қарап:

- «Света, 70-тен сұрап жатыр, мұнша қап аламын дейді, бересіз бе?»- деді. Света әжей көп ойланып тұрмай:

- «Бер, бер, қайту базар ғой»,- деді. Соған қарағанда, «осы картоптардың иесі болса керек» деп іштей түйіп тұрдым. Әкем де солай ойлапты.

- «Қаптың ортасы да осындай ірі картоптар ма?»-деп сұрады әкем. Мұнысы дұрыс та.

- «Немене, сізді алдап тұр деп тұрсыз ба?»-деді үшінші әйел сөзге килігіп. Маған оның өз-өзін ұстау мәнері тіпті ұнамай қалды. Тым пысықайлық танытып, көп сұрақ қоюшыларды ұнатпайтынын аңғартқандай болды. Менің әкем де осал адамдардан емес. Ашуға мінсе, мінезі жойқын. Әзірге сабыр сақтап тұрса керек.

- «Сен ашуланба қарындасым, ақша менікі, жейтін де мен» деп, жәй күлді. Сонан соң қысықкөз әйелдің жүйкесін сынағандай боп:

- «Таразыларың дұрыс қой, әйтеуір, я?»-деді.

Содан әлгінің қабағы шытынап шыға келді.

- «Қазіргі таразылар «электронный» ғой. Бұрынғы заман өткен. Кімді ақымақ қылып тұрсыз?»- деді. Негізі өзі екен ақымақ етіп тұрған.

- «Жә, жә, өлшеңіз енді»,-деді әкем.

Әлгілер таразыны қосты да, қаптарды үсті-үстіне мінгестіре бастады. Бұл да алдаудың бір әдісі еді. Үлкенді-кішілі етіп буылған қаптарда білген адам үшін сыр жатыр. Таразыдағы әр қапқа тиесілі салмақты ажырату мұндайда қиынға тиеді. Бұл әрекеттерін дереу тоқтаттық та, бір қаптың өзін жеке өлшеттік. Сізге өтірік, маған шын әлгі бір қап қызыл қартоп 69 келі берді. Әкем сенбеді, үш сатушы дәлелдеп бақты. Содан таразыға өзі мінген әкемнің салмағы, алпамсадай болды. Жанжал лап етті.

 

Ұйымдасқан топ боп шықты

Бетперделер шешілді. Бұл үшеу базарға атақты топ екен. Картоп иесінің рөлін сомдаушы Света әжей қолында билігі жоқ жай сатушы кемпір екен. «Сасқан үйрек артымен жүзедінің» кері келіп, әжеміз:

- «Таза салмақпен өлшеймін»,-деді. Оған шикіл сары қарсы болды. Пысықай қысық көз табанын жылтыратып, оқиға орнынан жым-жылас жоғалды. Қылмысы әшкере болған шикіл сары «таза салмақпен алсаң, 75-тен ғана аласың»,- дегенше болмады, әлгі кемпір таразыдан бірдеңені қозғап кеп жіберді. Сол сол-ақ екен, 69 келімін деп тұрған қабымыз 51 келіге сылқ етіп түсті. Ұйқым шайдай ашылды. Іштеріндегі ең момақан сары қатын мықтылары боп шықты. «Сатпаймын»,- деп кесіп айтты.

- Алсаң 70-тен жалған өлшеммен, ал шынайы өлшеммен тек 75 теңгеден болады,- деді. Бірақ, беті бүлк етпеді. Біз есеңгіреп қалдық. Сауданы өзге жерден жасайық деген тоқтамға келдік те, алға қарай аяңдай бердік. Ал артымызда қалып бара жатқан алаяқтардың бізді балағаттап жатқан дауыстары естіліп жатты.

 

Қырағылық таныттық

Кезекті сатушының таразысына қолымдағы он келі етті қойып көрдім. Он үш келі берді. Көңіл қалды. Ал әкемнің бойы үйренсе керек, «қазір дұрыстайды ғой»,- деді баяу ғана. Саудагер алдай алмасын білді білем, лезде дұрыстады. Сосын таразыны күн беткейден бұрғыздық. Себебі күнге шағылысқан таразының дисплейі көзге көрінбейді. Бұл да алдаудың өзіндік бір тәсілі. Сіз алған затыңызды таразыға қойғаннан соң, дисплейге қарайсыз. Көрсеткішке сенесіз. Ал сіз келгенше ол таразыға саудагер бес келідей, не одан да көп көрсеткіш енгізіп қояды екен. Оны күн сәулесінен аңғару қиын болады. Осы сынды құйтырқы әрекеттермен алданып қалуға біз жол бермедік. Бұл қарапайым бір күнде базарлатқандағы бір көңілге түйген жайт қана. Қаншама таразылар өлшемнен кем түсіп жатыр...

Сатушылардың көбі білмейді, әйтпесе, «Өлшеу, тартуда кеміткендерге нендей өкініш! Олар қашан өлшеп алса, толық өлшеп алады да, қашан олар, өлшеп немесе тартып беретін болса, кемітеді. Олар қайта тірілетіндіктерін ойламай ма? Ол зор күн үшін. Ол күні адамдар, бүкіл әлемнің Раббының алдында тұрады» (83:1-6) деген Құран аятын білсе, бәлкім бұл ұрлықтарынан тыйылар еді.

Пікірлер

user profile image
2 Қараша, 2012

Бәрімізді де электронды таразы деп алдап жүр екен ғой, супермаркеттерде де ескі тағамдарды этикеткасын жаңадан жапсырып алдайды

user profile image
2 Қараша, 2012

дааа, "электронныйдыда" туырлайтын болған ба? "ойбай, электронныйғой" деген сатушы сөзіне менде сеніп жүрмінғой. оңбағандар!!!

user profile image
5 Қараша, 2012

Қазіргі таңда "жемқорлар" төрт жағымыздан қаумалап алған. Адам пендесіне сене алмайтын дәрежеге жеттік. "Халал" деген атпен алдап соғантындарға не дейміз. Пайғамбарымыз (с.а.у):"Ақыретте әділ саудагер, пайғамбарлармен шаһидтермен және ізгі тұлғалармен бірге болады" деп босқа айтпаған шығар. Бұл ұлы тұлғалармен бірге болу кім көрінгеннің маңдайына жазылмаған.

user profile image
5 Қараша, 2012

алдамайтын жан аз ғой қазір, ұры батыр, сараң бай қайраткер болған заман ай! зар-заман болды ғой бұл заман!

user profile image
26 Қараша, 2012

ашкоздік неге апармайды, апельсиндерге, тауык етіне шприцпен су жиберип, муздатып, сонан соң оны сататындар да бар, супермаркеттердеги таразылар да дурыс емес, олар оган косымша бир нарсе жалгап кояды, тауар олшегенде аягымен сол нарсени басып турады екен ол тауарынызга косымша салмак косады, міне куйтыркы арекеттердин кокеси , бул білетініміз, ал біз білмейтін канша нарсе бар...

Пікір қалдыру