26 Қыркүйек, 2017

СӨЗ ӨНЕРІ

…Абай арқылы біз ой сомдаймыз, Абайдың сөзін біз бүкіл қазақтың даналығы деп танимыз. Құнанбайұлының сөзі сол қазаққа сіңісті болып кеткені сондай, ұтымды сөздің бәрін қазақ Абайға телиді, Абайдың айтқанын халықтың дегені дейді. Неге десеңіз, қазақтың мәмілелі тоқтамы: ол Абайдың даралығы, Абайдың даналығы.

Абай ұлт ұстаздарының жалғасы, ал ұлттың ұстаздары жалпы бұқараға не тілеу керектігіне дейін үйреткен, Бұқар жырауды айтайық: «Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа» деп бастап, «бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз, біреуі қаза қылмасқа» дейді. Өйткені бір Аллаға жазықты болу дегеніміз, Алланың ризалығынан құр қалу, ол адамға кез-келген қасіреттің басы екенін білгендіктен де, бұл Бұқарлардан қалған ұран. Ұлтты үйретуші болған ұстаздар дәрісі осылай боп келген.

Бабатайдың Дулаты кезінде басқыншы жұрт, патшалық Ресей халықты солтүстіктен күнгейге, құнарлы жерлерден, анау Алатаудың баурайындағы ғажап жерлерден ата-бабаларымызды Тарбағатайға қарай жаппай көшіртіп, құмға қарай, шөлге қарай ығыстырып жатқан кезеңде қадірін біліп, жылап, жырлайды:

«Аққан бұлақ сай-салаң, Шытырман тоғай айналаң,
Жоның жайлау кең алаң, Атам қонған кең далам,
Мендей сені қызғанар, Бауырыңда өскен қай балаң?»

Елге деген, жерге деген махаббаттан шықты осы шумақтар. «Осы сенің ата-бабаңнан қалған, мұра болған жер неге өзгеге, бөтенге бұйырып отыр?» дегенде Дулаттар айтады:

 «Мынау басқан заманда, Қайран қазақ қайтейін,

Бәйбіше – тантық, бай сараң, Бозбаласы – бошалаң

Қырсыға туды қыз балаң, Ебі кеткен ел болды,

Енді қайда мен барам?» деп, басын ұрып жылайды, бірақ шешуін, проблеманың шешу жолын Абайдай көрсетіп кеткен жоқ. Неге?

Бәрі де проблеманы көтерген. Бұлардың бәрінің, кез-келген ақын болсын, ұлттың ұстазы болсын, жүрегінде қауымға деген махаббат болды, сол махаббаттан халықтың мұңы оның мұңы, қайғысы қайғы болды.

Ол қоғамда адамға сыйыну болмай қалған жоқ. Салыстырмалы түрде, қайсыбір қате таныммен қарайтын болсақ, оның әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскенбай, ар жағында Кеңгірбай, Ырғызбай ешкімнен кем емес еді. Бірақ

«Патша Құдай сыйындым тура баста, өзіңе ... » деген Абайдың пендеге берген бағасы кісі таң қаларлық.

«Адам бір боқ көтерген боқтың қабы, боқтан сасық боласың, өлсең тағы».

Біздің әлдеғандай қылып сыйынып, Құдайдың дәрежесіне көтеріп отырған кейбір нәрселерге Абайдың берген бағасы бұл. «Сенімен мен тең бе деп мақтанасың, Білімсіздік белгісі ол баяғы». Бұл жерден адамға берілген аса биік баға көрінбейді.

Абай ұстанған «Лә иллахи иллалла», Алладан басқа сыйынуға лайықты, таңғалуға, ұлықтауға лайықты ешкімнің жоқ екенін бүкіл шығармашылығына арқау еткендіктен, Абай өзгелермен салыстыруға келмейтін дәрежеде дара, дана. Абай осымен құнды.

 

Абай айтады:

«Өзің үлкен, қылығың - бала-шаға,

Балаша мәз боп жүрсің тамашаға.

Әкесі ұрысса балаға, ол да - достық,

Баласы ұрысса әкеге, жараса ма?».

Енді осыны айтқан Абай Құнанбайға қарсы келеді деген сөз кімнің миына сыяды? Жақсы, бұл тұрған бір сөз болсын. Ал Әбдірахманның өлімінде

«Арғы атасы қажы едi, Пейіштен татқай шәрбәттi.

Жарықтықтың өнерi, Айтуға тiлдi тербеттi»,-дейді.

Әкеге деген ұлдың көзсіз құрметін көреміз бұл жерден.

«Ескендiр, Темiр, Шыңғыстай, Мұсылманда атақты» деп баға береді.

«Зекет жиып, егін сап, тойдырған қара жатақты» дейді. Сонда Құнанбайды көтермелеудегі мақтау өлшемдері, критерийлері мұсылманшылық негізінде жасалған. Бұдан біз нені көреміз? Әке құрметтеген мұсылман баланы көреміз.  

Құнанбай қажының шариғи тәрбиесінде өткен Абай материалдық, басқа нәрсеге алаңдаған жоқ. Шынында да бай отбасында өскен, ешқандай тарлық көрмеген адам. Жан жақтағы әр нәрсені тереңдеп зерделеуге мүмкіндігі болған адам. Еуропаңызға да, Азияңызға да, басқаға да зер салған адам.

Дін мен дәстүрді берік ұстанған отбасының ұлағаты Абайдың ғұмырлық қағидасына айналды. Өмірінің соңында өткенге көз жүгірткен ақынның былай деп толғанары бар.

Ойға түстім, толғандым. Өз мінімді қолға алдым.

Өзіме өзім жақпадым, Енді қайда сыя алдым?

Бойдағы мінді санасам, Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам, Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға, Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен, Тәңірім салған наз емес.

Бойдағы кемшін тұсын Жаратушыдан көрмей, өз болмысына үңіліп, «бәрі болды өзімнен» деу – кәміл мұсылманның сипаты.

Әйтпесе, Абайдың өлең иірімдерінен, сөз құраған сөйлемдерінің құрамдарына қарап отырсақ, кейбір тұстарда, аят, хадистерді көреміз. Мысалы Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Мен пайғамбарлардан салынған ғимараттың соңғы кірпішімін» дейтін мағынадағы хадисі бар. Абай осының қалыбын алады да, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деді. Абай әр нәрсенің қадірін білген адам. Өмірге терең көзқараспен қараған. Аса күшті қабілет иесі екеніне ешкімнің ешқандай дауы жоқ. Абай әнге де тамсанды. Күзге де тамсанды. Жазға да тамсанды. Бүркітке де, атқа да тамсанды. Бәрін шегіне жеткізе, бұрын соңды қазақтың тілі жетпеген, бұрын соңды өзіне дейінгі, өзінен кейінгі қазақтың тілі жетпеген дәрежеде суреттеп, үлкен дәрежені қойып кетті. Оған қазір ешкім жете алмай отырғандай елдің бәрі мойындайды...

Пікірлер

user profile image
31 Қазан, 2012

бұл тақырып есі дұрыс адам үшін "дәлелдеуді қажет етпейтін теорема" ғой.

user profile image
31 Қазан, 2012

мұның бәрін Бекболат аға Қанайұлы өзінің бір видеосында тәптіштеп айтып қойғанғой

Пікір қалдыру