25 Қараша, 2017

СӨЗ ӨНЕРІ

Ел-жұрт дейтіннің таным, түсінігін қалай білмек керек? Біз орыстың ойын, санасын білгіміз келсе, ормандағы Иванға емес, Толстойға, Чернышевскийге қараймыз. Неміс деген кезде, бүкіл неміс халқына, жалпы бұқараға емес, сол бұқара әспеттеген озық ойлы адамдарына қараймыз, Гетеге, Фейербахқа, Гегельге қараймыз.

Сол секілді, қазақтың ұғымы, қазақтың танымына келген кезде, біз күнделікті тұрмыстық қатынастағы наным-сеніммен шектелуіміз қате. Қазақтың ұғымы, деңгейі, санасы, қазақ руханиятының өлшемі дегенде, бұқара Абайға қарайды. Неге десеңіз, қазақтың мәмілелі тоқтамы - бұл Абайдың даналығы.

Абайдан артылған бір сөз жоқ. Нені білгіңіз келеді? Сөз орамыңызға нені қосып, өреңізді немен арттырғыңыз келеді, Абайдан табасыз. Неге? Абай қандай ортада өскен? Абай кім еді? Абайдың бүкіл білімі, ілімінің көзі не болды?

Гетеден 124 том кітап қалды, бірақ кез-келген неміс Гете айтқан деп сілтеме жасамауы мүмкін. Толстойда 96 том бар, кез-келген орыс Толстойды аузынан тастамай сөйлей қоймас. Ал Абайдан мұқаба үнемдегенге бір-ақ кітап, әйтпесе екі-ақ кітап қалды, бірақ Абай айтпаған сөз жоқ.

Абай айтпаған сөз жоқ, мектепті бітіріп жатқан түлектерге қарасаңыз:

«Сенде бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан», - деп Абайдан келтіреді. Кісі өліп, жаназа болып жатыр еді:

«Адамзат - бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ».

Бұл да Абай. Жазды мақтағымыз келсе, Абайға сүйендік, күзді мақтағымыз келді, Абайға сүйендік. Ұлттық спорт керек болып, атқа бір көз салып едік, есімізге Абай түсті.

«Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ».

Бүркіт, күз, қыс. Адам, ұлттың мінездері, қарым-қатынас. Сөз айту керек болғанда, кімде қандай даналық бар деп қолға кітап алсақ, бәрін Абай айтып қойған. Адам баласы тыныштықты, бейбіт өмірді көксейді.

«Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?», - деді.. «Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?». «Күндегі тілін тауып жатқан достан гөрі, дұшпанның азғантай бұйымдайын орындай салса, неге соның жолында өле жаздаймыз» дейді Абай.

Абай - ақын. Айтам деген сөздерін ұйқасқа түсіріп, Құдайдың берген ақындық қабілетімен қазақты тәрбиелемекке, қауымын жақсылыққа шақырған. Аса дарынды, қабілет иесі. Сол Абайдың ақындық қабілетіне, өлеңге берген бағасы мынау. Өлең поэзия.

Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы. Класификация. Қиыннан қиыстырар ер данасы. Ақын талабы. Ол қалай болуы керек? Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп.  Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы. Ақын деген аты жойылып қалмайды емес. Ақын деген аты қалады. Жойылмайды. Бірақ ғылымсыз бейшарасы болады дейді.

Ол ақынның ғылымсыз бейшарасы. Енді ол айналасы теп-тегіс жұмыр келу үшін Абай оның шешуін ұсынады. Ұлтқа тәрбие бересің бе? Айтам деген сөзіңді жеткізесің бе? Бүкіл дүниенің алдында әуелісі  тұрады, әуелі бастау көзі.

Тұғыры, негізі дейтін нәрсені айтқанда, Абай «әуеліні» тәпсірлегенде былай дейді. «Әуелі аят, хадис сөздің басы». Аяты Құран. Хадисі пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өнегесі. Сүйенетін нәрсең әуелі аят, хадис сөздің басы болсын дейді.

«Әуелі аят, хадис сөздің басы,

Қосарлы бәйіт мысал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы».

Алла сұбхана Тағала ештеңеге мұқтаж емес. Алланың заңдылығына кім мұқтаж? Біз мұқтажбыз. Абай осыны айтады. Сөйтеді де, Абайдың бүкіл поэзиясы, бүкіл методологиясы, тәсілі, ақиқатқа жету жолы басқа өлеңдерінен былай көрінеді.

«Жамандық көрсең нәфрәтлі,

Суытып көңіл тыйсаңыз. 

Жақсылық көрсең ғибрәтлі,

Оны ойға жисаңыз.

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз?»

Кез келген Алла тағаланың заңдылығына ақиқат көзімен, ақыл көзімен көзіңді ашып қарасаң - ғалым болу сол. Балалық деген албырттық. Бар нәрсенің басын бастап, аяғына жеткізбеуді балалық дейді. Ойынды бастап тастап кеткен сияқты.

Кез келген нәрсеге жақсы бір, хақты көзбен қарауды Абай балалықты қию дейді. Ал ғалым болу дегеніміз ол айналып келгенде Алланы тану. Алланы танытудың жолы не дегенде «Ақсақал айтты бай айтты, кім болса мейлі сол айтты. Ақыл сенбей сенбеңіз».

Сіздің қисыныңызға, логикаңызға сай келе ме? Бұл болмысыңызға, жаратылысыңызға қайшы келе ме? Сіздің сенбеуге һақыңыз бар. Себебі олар аят, хадис емес қой, күпір болдың демес қой. Қанша қарсы келсеңіз де Абайдың бүкіл шығармашылығында ұстанған тәсілі осы. Ол өзіне жаққанына, басқаға жаққанына оған қараған жоқ. Оның бүкіл мақсаты бір Алланың ризашылығын табу болды...

Абай Орта Азия халықтарында қалыптасқан, нақты методикасы бар, Құранды үйретудің тәсілдері бар Ахмет Риза медресесінде оқыған, нақты білім алған адам. Оған жылдары кеткен. Абайдың академиялық білімі осы жерден шыққан. Абай шығармашылығының бастау көзі, өзі айтқандай, әуелі аят, хадис сөздің басы еді...

(Жалғасы бар)

Пікірлер

user profile image
20 Қазан, 2012

Болат аға негізі насихатыңыз дұрыс бірақ бұл Бекболат Тілеухан Абай туралы айтқан пікірінің жазбаша нұсқасыма деп қалдым!

user profile image
19 Қазан, 2012

Дурыс айтасыздар , д!ни создерд! кыскартып , б!р кездерде ыкшамдап окытканы белг!л! , ал т!келей нускасын корсен!з Кураннын создер! мен хадистер !

user profile image
19 Қазан, 2012

Абайтанушылар деп атайтын өздерін бір қауым бар ғой..әлгі Мекемтас атадан бастап Төкенге дейін, Асан Омаров бар, тағы кім бар еді түге? Көп қой. Бірақ дәл осылай поэтикалық, мағыналық жағынан өлеңдерін ашып берген бірің көрмеппін. Мынау шамасы псевдоним. Бірақ анализі жақсы екен

user profile image
19 Қазан, 2012

Жалғасы күтеміз. Тұщынып оқыдым. Кім жазса да логикасы тастай екен! Былйа мектеп судыратып ақ оқыған өлеңдер ,бірақ бұлай тәпсірлегенде расында бұрын не оқығам деп ұялады екенсің ))))

user profile image
20 Қазан, 2012

Айгүл Ісімақованың мақаласы бар. Осы жайлы таратып жазған. Оқыңыздар. Өте мәнді мақала.

user profile image
2 Қараша, 2012

оқысаң өкінбейсің)))))))))

user profile image
18 Қараша, 2012

rasymen Bekbolat agamyzdyn sozin urlagan ekensiz ... onynyz ne ??? kozimiz awyk kokirek oiyau degendei ,,, aldagynyz kele me ???

user profile image
11 Сәуір, 2016

Бекболат агамнын создери гой мынау

Пікір қалдыру