25 Қараша, 2017

АЙМАҚ

Мемлекеттік тілді білмесең, мандат жоқ

Әлемде мандаттан айырудың алуан түрлі негізі бар. Мысалы, Латвияда Cеймнен мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгермегені үшін шығарып жіберуі мүмкін. Бұл критерийге салсақ, Қазақстанның Парламенті 80-90 пайызға босап қалуы мүмкін. Македонияда жарты жыл отырыстарға қатыспауың – мандаттан айрылуың.

Австралияда банкроттық – мандатсыздық.  Бізде жеке басқа қатысты банкроттық туралы заң әзірге жоқ, әйтсе де, бола қалғанның өзінде, біздің депутаттар ілкіде бір болмаса, қазіргідей табыстарымен банкрот бола қоймас.

Әдетте, әлемнің депутаттарын осы қызметімен бірге рұқсат етілмеген өзге қызметті қатар алып жүргені үшін, сатқындығы үшін, мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін, азаматтығынан айрылғаны үшін, жемқорлыққа қатысы болғаны үшін мандатын алып қояды. Әрине, ол үшін алдымен соттың соңғы үкімі шығып, содан кейін барып қана дауыс берумен палатаның орындығынан босатады. Ал бізде ше?

Қосылғыштардың орнын ауыстыру

Біздің елде депутаттық мандаттар көбінде қызметтік ауысуларға байланысты тапсырылып жатады. Айталық, Мәжіліс депутаттары Қылышбай Бисенов пен Динар Нүкетаева ректорлыққа кетті. Сәл бұрынырақ Сергей Дьяченко әкімдікке ауысып, вице-спикерлігін табыстап кеткен. Кезінде Нұрбах Рүстемов Иран Ислам Республикасына елші болып, өкілеттілігін ерте тоқтатты. Бауыржан Мұхамеджанов әкім боп, мандатын уақытынан бұрын тоқтатты.

Жақып Асанов Бас прокурор орынбасары болып тағайындалып, депутаттық креслосымен қоштасты. Сенатор Евгений Аман Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшылығына жауапты болып, ОСК қалаулылығын мерзімінен бұрын тоқтатқан. ҚР Президентінің 2008 жылғы 13 қазандағы №671 Жарлығына сәйкес, Аслан Мусиннің Президент әкімшілігі жетекшісі болып тағайындалуына байланысты, Мусин де депутаттық құзыретін ерте аяқтаған.

«Өз еркімен» депутаттықты «қию»

Алайда, Қазақстанның парламентарий тарихында «өз еріктерімен» отставкаға кеткен депутаттар мысалы баршылық.

Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Виктор Цойдың депутаттық төсбелгісін мерзімінен бұрын табыстауы өз әріптестері үшін де тосын болған. Себебі, депутаттар Виктор Цойды «креслодан айыруға» дауыс бергенде, оның өзі Мәжіліс залында емес, аурухана төсегінде жатқан.  Мәжіліске мандат алғанға дейін Цой «Ақ ауыл» корпорациясына жетекшілік еткен. Ресми түрде, не үшін Мәжілісті тастап кеткенін, өзінің кінәлі-кінәсіздігін мәлімдемесе де, Цойдың  кетісін «Ақ ауыл» корпорациясы мен үлескерлер арасындағы жағдайдың ушығып кетуімен байланыстырған болжам басы ашық күйінде қалған. Осылайша, Ассамблея артқан сенім адыра қалған.

Үлескерлер дауымен байланысты сол кездері ең жас депутат атанып жүрген Ерқанат Тайжанов та «өз еркімен» орнын босатқандардың санатында болды.  «Шешімді салмақтап өзім қабылдадым, «Нұр Отанның» мүшесі болып қала берем», - деп жас депутат қанша ағынан жарылса да, оның шешіміне «Азбука жильяның» қылау түскен репутациясы әсер еткен сыңайлы. Себебі аталған компанияға ақша құйған үлескерлер, Тайжановты мандатынан айыру туралы ОСК, Бас прокуратура, Парламент пен Президент әкімшілігіне «Парламент Мәжілісі – заң бұзушылар мен заңдылықты бұзушылардың қорғаны мен панасына айналып барады» деп шағым да түсірген. Аталған жағдайда, Тайжановтың әрекетін жауапкершілік жүгін түсініп депутаттықтан бас тартты деп түсінесіз бе, әлде ел сенімін ақтамады деп ұғасыз ба, ерік өзіңізде. 

Стюардессаға дөрекі сөз айтамын деп басы дауға ілінген Серікжан Мұқашев та депутаттық иммунитетінен ерте айрылды. «Эйр Астана» компаниясының жолсерігіне қатысты мәжілісменнің бірнеше мәрте тәртіпсіз қылық көрсетіп, дөрекілік танытқанын айтып, Президент Әкімшілігіне шағым түсірген. Жолсерік Анохина «Мұқашев мырзадан орындығын көтеріп, белдігін тағуды ғана сұрағанмын, ол есуас, өзім білем деп мені сөкті» деп мәлімдеген.

Депутат болса, «өзіне  жазықсыз жала жауып жатыр, «Эйр Астана» компаниясының қызметкерлері ескертулер мен сұрақтарға қорқыту мен сотқа шағым беремін деп жауап береді екен», - деді де... Деді де, өз өтінішімен жұмыстан кетті. ОСК ұсынысымен әріптестері бірауыздан Мұқашевтің мандаттық мерзімін 2009 жылдың 1 шілдесінде қиып түскен.

2004 жылы Мәжіліс депутаттары әріптестері Борис Сорокиннің депутаттық өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатуды дауысқа салған. Оған себеп сол кездегі Коммунистік партияның жетекшісі С. Әбділдиннің Орталық сайлау комиссиясына Сорокиннің компартиядан шығарылғанына байланысты депутаттығын тоқтату туралы мәселені ұсынуы себеп болған. Алайда, сол тұста парламентарий өкілдері ОСК енгізген ұсынымды қайтарып жіберген. Атап кетелік, Сорокин қазір компартияның құрамында бесінші шақырылымдағы Мәжіліске қайта оралды.

Европа мен Азиядан екі мысал

 Бірінші мысал. Норвегиядағы терактілерден кейін австриялық ултраоңшыл Вернер Кёнигсхофер әлеуметтік желіде «ислам және аборт европалықтарды Брейвиктен  артық апатқа ұшыратты» деп аңдамай сөйлеп, өз «Еркіндік партиясының» ұстанымынан қияс кетіп, фракциядан шығарылды, иммунитеттен айрылды, отырыстарына келмеді, ақыры «денсаулығына байланысты» өз еркімен мандатын тапсырды.

 Екінші мысал. Үндістанда жақында бір уақытта парламенттен 11 адамды қуып шықты. Төменгі палатының 10, жоғары палатаның 1 депутатының уақытынан бұрын заң шығару органын босатуына себеп – журналистердің ойдан шығарылған компания өкілі болып жасырын камера алдында лобби үшін депутаттарға  ақша ұсынуы, сол жазбаның эфирден ұсынылуы еді. Сондағы депутаттарға ұсынылған шаруа – 330-дан 2200 долларға дейінгі көлемдегі ақша үшін отырыс кезінде белгілі сұрақтарды қоюға келісу.

 Ал біздің депутаттар аңдап сөйлей ме? Лобби болмай ма? Жұрты арқасына артқан азаматтық жүктің жауапкершілігін ұға ма? Әрине, 109-дың бәрінен Сұлтановтың, Сәрпековтің еті тірі әрекет, белсенділігін талап ете алмаспыз. Сонда да, әркім өз биігінде, шамасында ұлт заңнамасын, мемлекет іргесін бекітуге үлес қоса алып жатыр ма?

«Саяси қателік» жібергенге саяси бюрода орын бар ма?

Соңғы уақыттары Атыраудың экс-әкімі Бергей Рысқалиевқа байланысты оқиғадан кейін, алғашында оның «Ақ жол» атынан депутат болған бауыры жайлы Перуашев «Аманжан Рысқалиді депутаттық мандатынан айыру мәселесін партия алға қойып отырған жоқ» деп мәлімдеген еді. Алайда, Перуашевтің және оның партияластарының пікірі өзгергенге ұқсайды. «Бірақ бұл жайт А. Рысқалидің ағайынына тікелей қатысы жоқ, депутаттығын тоқтату – А. Рысқалидің палатаның отырысына бірнеше мәрте келмеуімен байланысты»,- деген партия төрағасы. Елдің мұң-мұқтажын айта ма деп парламенттік мінбер берілген А. Рысқалидің депутаттық белсенділігі былай тұрсын, отырысқа келмейтіні осылай мәлім болған. Іле-шала, өткен аптаның соңында «өз еркімен» кетушілердің қатарын Рысқали толықтырды. «Мен елден кеткен жоқпын» және «Мен Парламенттен өз еркіммен кеттім» деген 2 ғана мәлімдемесімен БАҚ-ты шулатқан ол осылайша, жауапкершілік жүгін жайына қалдырды.

Жоғарыда сөз еткен «Рысқалиев ісімен» байланысты тағы бір оқиға орын алған. Экс-әкімге қолдау хатқа бір топ Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттары қол қойған.  Кейін Атырауда өткен «Нұр Отанның» жиынында барша қол қоюшылардың атынан Атыраудан сайланған Мәжіліс депутат Асхат Бекенов өздерінің «саяси қателік жібергендерін» мойындаған.

Елдің ең негізгі заңи, саяси ордасының бел ортасында жүрген Бекеновтің саяси қателік жіберетін не жөні бар? Саяси қателік жіберген депутаттың өз кінәларын мойындаған мәлімдемелері «кінәні» жуып-шаюға жеткілікті ме, әлде, мандатты тапсырумен жөн бола ма? Оның ақ-қарасын өзіңіз ажыратыңыз.

Пікірлер

user profile image
18 Қыркүйек, 2012

user profile image
18 Қыркүйек, 2012

Асхат Бекеновтың саяси сауатсыздығы да емес бұл, басқарылмалы қуыршақ екенінің дәлелі. Басында ваххабиттер қаптап кетті деп қыртты (хотя, ол расында тәкфірлер, жихадшылар болып жатқанда), екінші ерлігі бірде бір отырысқа келмеген, бірде бір сауал жолдамаған депутаттың інісі Бергейді қорғай қалады. Мәәә, жыным келеді ей жыным

user profile image
18 Қыркүйек, 2012

Тамаша сараптама. Біздің құрметті парламенттен кімдер кеткенін көріп, көңілім босап кетті))) Бірақ, шыны керек жыл өткен сайын Парламенттің сапасы сұйықталып барады. Жоғары Кеңес кезіндегі ардақтылар кім еді, ең болмаса Бекболат Тілеуханның өзі неге тұрады былтырғы...ал биыл, әй сол АҚаманның орнына 45тегі Талғат деген кәсіпкер келді. Ақаман Атыраудың күштісі болса, енді ТАлғат Қорғалжынның күштісі дейді. Бұлардан ақшасынан басқа не пайда?

user profile image
29 Наурыз, 2013

Қазақстан адам мүмкіндігі шектеусіз мемлекет.Тек бізде ғана премьер-министр,ҰҚК басшысы,мегаполис қаланың әкімі бола тұрып,бүкіл мем.құпияны біле тұрып кедергісіз шетелге қашуға болады.

Пікір қалдыру