26 Қыркүйек, 2017

ТАРИХ

1969 жылдың соңында, Павлодар қаласындағы №3 облыстық қазақ мектеп-интернатының (қазір №3 облыстық гимназия-интернаты) ұлттық мұрат-мүддені көксеген бір топ оқушысы «Жас ұлан» ұйымын құрды. Ұйым мүшелері өздерімен шамалас жасөспірімдер арасында үгіт жүргізе отырып, сол жылдың желтоқсан айында, облыс орталығындағы және кейбір ауылдардағы көрнекі орындарға жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтар жапсырып кетті. Олар Павлодар қаласының Орталық алаңында өтетін 1 Мамыр мерекесі шеруіне «Қазақ мектептері мен балабақшалары ашылсын!» деген жазулар көтеріп шығуды да жоспарлаған еді. Бірақ ұйымды 1970 жылдың қаңтар айында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасы әшкереледі.  Сол ұйымның жетекшісі ретінде өзім  жақсы білетін кейбір жайды жұртшылықтың назарына ұсынамын.

* * *

МҚК облыстық басқармасындағы тергеу барысында Алматы мен Мәскеуден республикалық, одақтық Қауіпсіздік органдары қызметінің жоғары шенді өкілдері келді. Тергеуді негізінен ұлты қазақ офицерлер жүргізіп, түсініктемені қазақ тілінде жазғызды. Олар  кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге күш қолданды деп айтпаймын, ара-тұра зілді дауыспен сес көрсету ауанын байқатқанымен, негізінен алдап-сулау тәрізді тәсілдермен жауап алды.

МҚК қызметкерлері №3 мектеп-интернаттың мұғалімдері мен жас ұландардың жоғары білімді ағайын-туыстары арасындағы біреу ұйымды құруы мүмкін деген күдікпен олардың өмірбаяндық, қызметтік мәліметтерін астыртын тексерді, өздерін сырттай бақылауда ұстады. «Бұрынғы «Жас тұлпар» ұйымы мүшелерінің бірі Павлодар қаласына арнайы келіп «Жас ұлан» ұйымын құрып кеткен» деген болжам да жасап, маған: «Алматыдан келген кісі кім, біз оны сенсіз де білеміз. Бірақ ол жөнінде өзің айтсаң, қылмысың жеңілдейді» деген құйтырқы сөз айтып, тамырымды басып көрді. Мен: «Мұрат Әуезовтың «Жас тұлпар» ұйымын құрғаны жөнінде естідім және сол ұйымды үлгі тұтып «Жас ұланды» құрдым, дегенмен ол кісіні де, оның жолдастарын да көрген емеспін. Үнпарақты жазған менмін» деп шындығын айттым.

Олар  жауабымның шынайылығын тексеру үшін үнпарақ мәтінін маған жатқа оқытты.  Соның өзінде де сенбей: «Мына сөз сенің сөзің емес, үлкен адамдардікі, саған осылай жаз деген кім?» – деп, әрбір сөзді саусақпен түртіп көрсетіп, төпелете  сұрақтар қойды.

Үнпарақтағы «Сендер қазақ деген ұлы халықсыңдар...» деген  ең алғашқы жолды жазушы Жайсаңбек Молдағалиевтің («Торғай толғауы» болса керек), бір кітабынан алғанмын, «Саяси экономиядан» «Отар елдерде ауруханалар мен ұлттық мектептер аз болады» деген анықтаманы оқыған соң, «Қазақстан – Ресейдің отары» деген қорытынды жасап, отаршылдыққа қарсы бас көтеріңдер деген  сипаттағы сөздерді жазғанмын, осы жайттарды айттым.

Олар аталған кітаптарды, сондай-ақ кейбір мәліметі ұйымның үгіт-насихат жұмысына пайдаланылған өзге әдебиеттерді де алдырып, анық-қанығын тексерді, сонсын маған мұқабаның ішкі бетіне «Мен осы кітаптың осындай бетіндегі мынадай сөздерді үнпараққа пайдаландым» деген сыңайдағы  сөздерді жазғызып, қол қойдырды.

Түсініктемеде Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев тәрізді Алаш қайраткерлерін білетінімді, олар жайында Сәбит Мұқановтың «Өсу жолдарымыз», «Есею жылдары» кітаптарынан, Мұстафа Шоқай туралы С. Шәкібаевтың «Үлкен  Түркістанның күйреуі» романынан оқығанымды жазып бердім, сондай-ақ Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Кенесары хан мен батырлардың, жыраулардың бейнелері жас ұландарды рухтандырғанын айттым. Оған қоса жұртшылықты отаршылыққа қарсы бас көтеруге шақырған өлеңдерімді де жазып бердім. Тек содан кейін барып, Қауіпсіздік комитеті басқармасы қызметкерлері «Ұйымның басында тұрған өзге біреу емес, осының өзі болуы әбден мүмкін» –  деген  байламға келе бастаған сияқты.

Алайда, ауылдық елдімекендердегі қазақ орта мектептерінің орталау мектептерге айналдырылуы немесе жабылуы, облыс орталығындағы 40 шақты мектептің тек екеуі: Ы. Алтынсарин атындағы №3 мектеп-интернат пен Абай атындағы №10 орта мектеп қана қазақ мектептері екені, қазақ балабақшасының жоқтығы, көше, дүкен, т.б. атаулары негізінен орыс тілінде болуы, ана тілінде сөйлеген қазақтардың кемсітушілікке ұшыратылуы тәрізді жағдайлар ұйымның құрылуына басты себептер екенін өзге жас ұландар да атап көрсетті.

МҚК облыстық басқармасындағы тергеу аяқталған соң, мектеп-интернат әкімшілігі облыстық партия комитеті ұсынған сценарий бойынша жалпы мектеп жиналысын, мектептің комсомол ұйымы жиналысын, ата-аналар жиналысын, педагогикалық кеңес өткізіп, жас ұландарға үсті-үстіне моральдық-психологиялық соққы беруді ұйымдастырды. Жиналыстарда сөйлеген мұғалімдер және олар дайындаған белсенді комсомолдар жас ұландардың саяси іс-әрекеттерін ғана емес, жеке бастарын даттап, ата-аналарының да ар-ожданын қорлайтын сөздер айтуға дейін барды. Іле мектеп-интернат әкімшілігі мен комсомол ұйымы және Павлодар қалалық комсомол комитеті «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшелеріне түрлі жазалау шараларын қолданды.

Атап айтқанда, 1970 жылдың сәуір айында өткен қалалық комсомол комитеті бюросында осы жолдардың авторы, ұйым жетекшісі Қаниев Арман және  ұйымның «комитет» деп аталған жетекші құрамының мүшелері Бейсекеев Рашит, Жүнісова Айгүл, Әлиева Гүлбаршынға «Ұлттық саясат мәселесіндегі саяси-идеялық қателіктері» үшін деген айып тағылып, БЛКЖО қатарынан шығарылды. Болат Какежанов, Сембай Құсайынов, Қайрат Қабылбеков, Алтын Махметоваға «Мектеп тәртібі мен ережесін өрескел бұзды» деген айып тағылып, қатаң сөгіс берілді,  бұл сөгіс комсомолдық есеп карточкасына жазылды.  (Осы жазалау шаралары жөніндегі құжаттар Павлодар облыстық мұрағаттар басқармасы қорында сақтаулы тұр).  Қалған жас ұландарға ескерту жасалды. Сонымен қатар, комсомол мүшелігінен шығарылған Арман Қаниев, қатаң сөгіс берілген Сембай Құсайынов және комсомол қатарында жоқ  жас ұландар Қайролла Кәженов пен Саниял Мусин 9-сыныпты бітірген соң «өз еркімен» оқудан шығарылып,   оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген баға қойылды.

Ресми жазалаудың соңы  астыртын саяси қысымшылық жасауға ұласқанын біз  кейін сезіндік.  Мәселен, менің  білім алу құқыма және баспасөз бостандығыма шектеу қойылды, жария емес жазалау мен қудалаудың өзге де түрлерін бастан өткердім. Кәмелетке толмай қара жұмыстар істеп, түрлі әлеуметтік топтардың тұрмыс-тіршілік қазанында қайнадым, солардың өмір салтымен ғұмыр сүруге дағдыландым. Орта мектепті әскер қатарынан оралған соң сырттай оқып бітіріп, еліміз тәуелсіздік алған жылы жоғары оқу орнына сырттай оқуға түсіп, 40 жастан асқанда тамамдадым.
Коммунистік жүйе еңсемді қаншалық жаныштағанымен, 1986 жылы Алматыдағы желтоқсаншылардың ұранына Павлодарда бір топ серігімен үн қосуға әрекеттендім,  1989 жылдан бастап “Невада-Семей”, “Азат” қозғалыстары, “Қазақ тілі” қоғамы облыстық ұйымдарының  негізін құраушы қоғамдық күштердің бел ортасында жүріп, Кереку өңіріндегі ұлттық, жалпыхалықтық мүддеден туындаған саяси-қоғамдық оқиғалардың барлығына белсене қатыстым.

Ал Болат Какежанов, Алтын Махметова, Айгүл Жүнісова сабақты жақсы оқығанымен, жоғары білім ала алмады. Қайрат Қабылбеков жоғары білім алғанымен, жоғары лауазымды қызмет істеуге өмірбаяндық дерегі сәйкес келмеді. Гүлбаршын Әлиева (1955–1975 ж.ж.), Рәшит Бейсекеев (1954–1990 ж.ж.), Айгүл Жүнісова (1954–1991 ж.ж.), Сембай Құсайынов  (1954–2005 ж.ж.)  түрлі жағдайда дүниеден мезгілсіз өтті.

...Сын сағаттарда жас ұландар өздерін ер азаматтарша ұстады, тек кейбірі ғана адалдық антында тұра алмай қалды. Соңғыларды солқылдақ мінезі үшін кінәлау тіпті дұрыс емес. Бір мысал: МҚК-дегі тергеу кезінде жас ұландардан ат-тонын ала қашқан, бертін келе былайғы жұртқа «Жас ұлан» ұйымын құрған адамдардың бірі ретінде көрінгісі келген біреу ақырында ағынан жарылып: «КГБ маған қатты қысым көрсетті, шыдай алмадым, сосын еріксіз «Серік» деген лақап атпен соларға тыңшылық қызмет атқардым» – дегенде, оны айыптауға дәтім жетпеді, керісінше оған  түсіністікпен және кешіріммен қарадым.  Дегенмен,  коммунистік режимнің қысымы 15–16  жасар жасөспірімдердің қайсына оңай соқты дейсіз?..

Енді егемен елдік ұлықталған кезеңде, ұлттық құндылықтарымыз құрметтеле бастаған қоғамда    сонау кеңестік заманда тәуелсіздікті көксеген іс-әрекеттері үшін екі жастың біріне жетпей тағдыр-талайы сергелдеңге ұшыраған жас ұландардың іс-әрекетіне саяси баға берілуін тілеймін. Бұл –  жер басып жүргендерінің көңілі орнығуы үшін керек, сонымен бірге жастар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мен ұлттық идеологияның іргетасын бекемдеу үшін де қажет.

Пікірлер

user profile image
8 Қыркүйек, 2012

Кеше Керекуде О. Бөкей оқулары өтті осы кісіні сыртынан көріп қалдым. Нағыз ер осылар.

user profile image
19 Қыркүйек, 2012

Жарайсыз Арман аға! Тіріде осындай әрекеттерді айтып қалу керек. Мен сізді Баянауыл форумынан жақсы білем. Нағыз ер азаматсыз. Павлодар өңіріндегі қазақ тілі үшін, қала атауын өзгерту үшін де көп тер тогіп жүрсіз. Аман болыныз. Алматылық ініңіз.

user profile image
26 Қараша, 2012

Арман, сеның осы бір жаман әдетің бар. Өз-өзіңді мақтап коммент жазасың. Әй, дүлейсің ғой ау.

user profile image
16 Желтоксан, 2012

Фарида Бықай мұнда Шындықбек деген атпен кіргенсің бе?

user profile image
3 Қаңтар, 2013

Фарида Бықай деген журналистсымақ осындай коммент жазуға келгенде алдына қара салмайтын шығар.

Пікір қалдыру