26 Қыркүйек, 2017

ТАРИХ

Кеңестік одақтың уығын уатқан «Тамыз оқиғасы» шынында, Қазақстан тәуелсіздігінің жанама болсын бастауы десек, жалған емес. Сондықтан біз үшін бұл оқиға көп оқиғаның бірі емес. Алайда бүгінгі әңгіме дүмпудің мәні емес, дүниені дүр сілкіндірген төңкерістің беймәлім тұсы туралы болып тұр. Сұхбаттасушымыз – Мәскеу төріне шынжыр табанды соғыс техникаларымен кірген Таман дивизиясының кезіндегі жауынгері. Бүгінде Индер ауданының, Индербор поселкесінде тұратын Саламат Сансызбайұлы кешегі күндерді былайша еске алады:

-  Әскер қатарына 1989 жылдың желтоқсан айында шақырылғанбыз, - деп бастады ол әңгімесін. – Алғаш дайындықтан өткен жеріміз Челябинск облысы, Чебаркуль қаласы болды. Мұндағы мотоатқыштар полкінде БМП-нің оқ атушысы, содан соң сержанттар дайындайтын курсында дәріс алдық. Кейін Москва облысындағы әйгілі Таман дивизиясына Мұрат Сәрсенов, Берік Тілегенов, Болатхан Қарабаев, Ержан Айтымбетов сынды қазақ жігіттерімен бірге жол түсті.

...1991 жылдың жазы еді. Бізді Мәскеу маңындағы әуе базасы орналасқан Кубинкаға жұмысқа жіберген. Бірақ мұндағы тыныш өміріміз аяқасты өзгеріп шыға келгені бар. Тамыздың тамылжыған күнінде (18-і еді) батальонда кезекшілікте қалған өзбек жауынгері жанұшыра ентігіп жүгіріп келді. Сөйтсе, рота командирі бәрімізді шұғыл шақыртып жатыр екен. «Тез, ...тез келсін деді» дейді. Естігеніміз «КСРО президенті Горбачев елден қашып кетіпті». ... Тіпті бұл хабарды біреудің әдемі әзіліне сайып, сәлемшіні мазақ етіп жатқандар да бар. Командирлеріміздің қалжыңға бой ұрар жөні жоқ еді. Олардың жүздері сұрланып, көздері атыздай шығып кеткен.

Шұғыл түрде Калининецтегі полкімізге жеткізілдік. Ал мұндағы командирлеріміздің түрлері өрт сөндіргендей. Тепсініп тұр. Сапқа тұрғызды. Сымдай тартылып, ешқандай қимылсыз тұруымызды және ескертті. Басшыларымыздың тістеніп сөйлегенінен түсінгеніміз мынау: КСРО президенті Горбачев Отанға опасыздық жасап, елден қашып кеткен (?!). Елде төтенше жағдай жарияланған. Сондықтан тез арада Мәскеуге аттанып, халықтың тыныштығын қамтамасыз ету, тәртіп жүйесін қадағалауымыз қажет екен. «Бұл бұйрықтан жалтарғандар немесе оны орындаудан бас тартқандар соғыс жағдайындағыдай қатаң жазаланады, болмаса табан астында атып тасталады!» деді жүздері сұрланып. Алғашқы естіген хабарды біреудің мазағы ретінде қабылдағандардың сол сәтте өңдері қуарған шүберектей болып кетті. Әскери борышымызды енді-енді аяқтаймыз деп жүрген қазақ жігіттері – біздің де көңіл-күйіміз жоқ. Өйткені командиріміз мерзіміміз аяқталған күнде де кемінде жарты жылсыз Қазақстанға қайтпайтынымызды қатаң ескертті.

Содан полктың әскери техникалары таң елең-алаңнан қозғалып кетті. Ал бізді шұғыл түрде қала ішіндегі әскери дайындайтын базаға жіберді. Мұнда негізінен Таман дивизиясының техникалары (біздің полкта негізінен БМП болатын) мен Кантемир дивизиясының танкілері тұр екен. Олар бізді бөліп қойды. Содан қайтадан жағдайды саралау, міндетті айту басталды. Бірақ бір ерекшелігі, тапсырманы енді генералдар беріп жатыр. Былайғы күндері маңғаздана жүріп, ырғала қозғалатын олардың сол сәттегі қимылдары ширақ. Қайдан шығып жатқандарын кім білсін, әйтеуір құмырсқадай қаптап кетіпті. Араларында Қорғаныс министрі Язов та бар деп естідік. ...Қайдам, бұдан бұрын қала маңындағы Президент саяжайына жұмысқа апарғанда көрген мен оған ұқсас жанды мына көптің ішінен кездестіре алмадым. Дегенмен министрдің дәл сол сәтте көп ішінде болған-болмағаны біз үшін маңызды да емес еді. Өйткені сол тұста бәріміз де «байтал түгілі, бас қайғы» болып кеттік.

Кешке қарай бәрімізге су жаңа әскери киім үлестірді. Автоматтың оқ-дәрісін үйіп-төгіп берді. БМП да от себуге әзір тұр. Міне, осы сәтте командиріміз (полк командирінің орынбасары) жауынгерлерге жаңа талап қойды. Яғни «қала ішінде біреулер қарсылық көрсетсе, тәртіп бұзса кез-келгенін атып тастауға рұхсат! ...Бұл – бұйрық!». Қатқыл даусымен ол «мұны орындамағандардың өздерінің сазайын береміз» деп және айтты. Басшымыздың аузынан мұндай сөз шығуы бізді шошындырып тастады. «Тәртіпсіздікті тый» десе тиямыз, «жаудың бетін қайтар» десе қайтарамыз. Алайда «қарсылық көрсеткендерді атыңдар» дегенімен келісе алармыз ба? ...Жоқ! Сондықтан ротадағы жауынгерлер командирдің көзін ала беріп, бас қостық. «Қандай жағдайда да оқ атпаймыз» болды біздің уәде.

Осындай ұйғарыммен Мәскеуге бет алдық. Шаһарға кіре бере-ақ байқадық, көшелер халыққа лық толы. Әйелдер жылап, енді біреулері шоқынып жатыр. Ерлер жағы жұдырықтарын түйіп, кеңірдектері жыртылғанша ышқына айқайлайды. Осылайша бір көпқатарлы үйдің тұсынан өте бергенімізде, ауыр техникамыздың төбесіне картоп, пияз толтырылған қапшықтар құйыла кетті. Қанымызды ішімізге тартып алған біз оған мән бермеуге тырыстық. Енді бір сәтте жолбасшымыз техникаларды көше-көшеге бөліп шықты. Тағы бір БМП-ны ілестіріп алған бізді үлкен көшеге кіргізген. Оны жолға көлденең қойғызып, 10-15 сарбаздан шеп құрғызды. Міндетіміз – «Садовое кольцодан» Кремль жағына қыбырлаған жанды жібермеу. Негізгі көлік арналарын жауып тастағандықтан жолда үлкен «тығын» пайда болған екен. Сондықтан жүргізушілер көшеде кесе-көлденең тұрған әскерилерге «техникаларыңды әкет!» деп талап қойып жатыр. Ал біз жарияланған төтенше жағдайға байланысты коменданттық сағат орнағанын, сондықтан ашу шақырмай, сабырға келіп үйлеріне қайтуын түсіндірудеміз.  Алайда айтқанымызды тыңдар халық жоқ.

Жолындағы жауынгерлерді басып кетердей, көліктерімен тап-тап береді. Топтанған жігіттер де сарбаздарды сабамаққа білек сыбанып жүр. Мұның бәрі әрине, қазір айтуға ғана оңай. Әйтпесе ол сәтте жанымыз расымен мұрнымыздың ұшында жүрген. Тіпті кей тұста көзі қанталаған жұрт көрінгеннің бәрін жайпап, бізді сәл-пәл жазым қыла жаздағаны да бар. Ондайда оқты оқпантайына «түсіріп», автомат кезендік. Қарудың сұсы басады деген рас екен, мұндайда шектен шықтан топ еріксіз шегіншектейді.  Оған да шүкір. Бірақ айтқан сөздері сүйектен өткендей еді. «Қысық көздерсіңдер», «Шыңғыс ханның тұқымдарысыңдар» деп әйелдері жер-жебіріңе жетеді. Міне, осындай қысылтаяң тұста еуропалық нәсілдегі бір-екі жігіт бізге ағайынын көргендей алшаң басып жетіп келді. «Атыңдар! Неге атпайсыңдар? Жауынгердің міндеті бұйрыққа бағыну емес пе, ал сендер неге бағынбайсыңдар? ...Қорқасыңдар, қорқақсыңдар ма ей!» дейді әлгілер әлекедей жаланып. Біз оған мән бермеген болдық. Бір қызығы, осындай адамдар өзге бекеттегі жауынгерлерге де барып, үгіт жүргізіпті. Кейін білдік қой, бұл дін мен дінді, ұлт пен ұлтты бір-біріне қарсы қою үшін әдейі жасалған арандатулар екен. Себебі біздің Таман дивизиясы сол кезде негізінен мұсылман халықтарынан (Кавказ бен Орта Азия елдерінің өкілдері) құралуымен танымал еді. Абыройы, біздің бекетте ешкім оқ атқан жоқ. Имандай шыным, оған взвод командирінің орынбасары ретінде мен де себепші болдым деп айта аламын. Керісінше көрші постыларда осындай арандатуларға арандап, кейін сорлап қалғандар бар.

Төңкеріс күндері қалада автоматтың дауысы үздіксіз естіліп тұрды, жарылыстар да орын алды. Кейбір көлік иелері көрші көшедегі АҚШ елшілігі маңында үлкен толқулар мен төбелестер болып жатқанын айтып келіп жатты. Бір кезде жауынгерлер арасында «листовкалар» таратылды. Мұнда командирлердің қатардағы жауынгерлерді бейбіт халыққа айдап салып отырғанын, сондықтан ақылға келуді, оқ атпауымызды, полктарға тарауымызды өтініпті...

     Қараңғы қоюлана түсе кісі аяғы басылды. Ал біз таңды кірпік ілместен қарсы алдық. Таңғы 9 шамасында «кері қайтыңдар» деген бұйрық алдық. Колонна болып қаладан шығып, өз мекендерімізге жеткенбіз. Қазақтың «адамның аласы ішінде» дейтіні рас-ау, мына қызықты қараңыз, «қарсыласқанды атыңдар, бұл бұйрық!» деп жер тепкілеп, «жігерлендіріп» шығарып салған полк командирінің орынбасары бізді жылы жымиып қарсы алды. Дәп бір ештеңе болмағандай. Сөзі де қырдың қызыл түлкісіндей құбыла қалыпты. Ол алғашқыда Горбачевтің терісін басына қаптаған, ал қазір одақ басшысын майда тілімен мақтап-мақтап қояды. Командиріміздің төңкеріс алдында аузы талмай мақтаған язовшыларға (төңкерісшілер) деген пікірі де өзгеріп кетіпті. Айтуынша, бұлардан артық бұ дүниеде оңбаған кісі жоқ екен. Жолбасшылардың сатқындығын көзімізбен көріп, жанымызбен ұғып, жер шұқылап біз тұрдық.

Көшелердегі шайқасқа біздің полктан 1-ші батальонның жауынгерлері тап болғанын соңынан естідік. Бірақ олармен шүйіркелесудің реті келмеді. Себебі оқиғадан кейін әр батальон, рота жауынгерлерін жан-жаққа шұғыл бөліп жіберді. Біздің рота Одинцово ауданындағы базаға оралдық. Қалыпты өмірге көштік. Әңгіме орайында айта кетейін, «Тамыз төңкерісін» кейін ақпарат құралдары толассыз көрсетіп, талмай талдап жатты. Сондай шайқаста бір топ бұзақы БМП-ның артқы есігін бұзып кірген сәтте, іштен оқ жаудырып және сыртқа шығып та автоматтан жоғарыға оқ атып тұрған жауынгерді орталық телеарнадан берді. Осы көріністі «Эхо планеты» журналы сол жылдың тамызындағы санында фотосуретпен жариялады да.

...Ал мен ол жауынгерді танитынмын. Әлгі сарбаз Чебаркульде бір ротада болған қаруласым (қарақалпақ жігіті) еді. Оны кейін әскери борышымды өтеп, елге жүргелі Мәскеудегі Қазан вокзалында тұрғанымда кездестіріп қалдым. Айтуынша, оқиға кезінде оның өміріне анық қауіп төнген. Сондықтан қолына «лом» ұстап, шабуылдағандардың екеуін атуға мәжбүр болыпты. Дегенмен кейін басы пәлеге қалған көрінеді. Командирлерінің бірде бірі оны қорғап қала алмаған. Сол себепті барлық жауапкершілік бір өзіне жүктеліп, еліне қайта алмай жүр екен. Мен осы тұста сабырлылық сақтағаныма шүкірлік етіп тұрдым. Әйтпесе біздің тағдырымыз да қиналған сәтте қылға ілінгендей еді.

Алып империяның күйреуін мен осылай көрдім. Сондағы дүрбелең әлі күнге есімнен кетпейді. Сондықтан мұндай арпалысты кезең, күрделі сәт Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаған Қазақстаннан аулақ болсын деп тілеймін. Елдің тыныштығына, тұрақтылығына ештеңе жетпейді екен. «Тамыз оқиғасы» осыны анық ұғындырғандай болды.

Атырау облысы

Пікір қалдыру